Семейде ядролық медицина орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде ядролық медицина орталығы ашылды

02.06.2021

Семейде мердігерлердің кесірінен құрылысы 9 жылға созылған Ядролық медицина орталығы ашылды. Бұл- еліміз үшін маңызды оқиға. Орталық радиофармпрепараттар көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтайды. Бүгін ғалымдар, онколог мамандар мен облыс басшылары нысанды тілшілер қауымына таныстырды.

Ядролық медицина кластерін құру мақсатында орталық құрылысы 2012 жылы басталған. Алайда бас мердігер «Иртыш ГЭСстрой» ЖШС-нің атқарған жұмыстарындағы өрескел қателіктердің кесірінен дер кезінде қолданысқа берілмеді. Нысанды салу кезінде техникалық, инженерлік жүйелер мен құрылыста кемшіліктер кеткен. Сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтауға арналған Циклотрон жүйесі 7 жыл орнатылмай жатып бүлінген. Егер сол күйінде іске қосса, экологиялық апатқа әкеліп соқтырар еді-дейді ғалымдар. Сапасыз құрылыстан 2,5 миллиард теңге шығын келген.

 Бақытжан Байахметов, ШҚО әкімінің орынбасары:
Жоба қайта түзетіліп, 518 млн теңге қосымша бөлінді. Жаңадан Циклотрон сатып алынды. Радиоактивті сәулелер таралмауы үшін, қондырғы орнатылған залдың төбесі қалыңдатылды. Қазір мемлекеттік сараптаудан толықтай өтті.

Қазір орталықта обыр дертін анықтау мен емдеуге қажет озық үлгідегі қондырғылар түгел орнатылған. Әзірге олар тек тексеруден өткізілді. Енді ядролық медицина мекемесі 3 кезең бойынша біртіндеп іске қосылмақ.

Марат Сандыбаев, ядролық медицина және онкология орталығының директоры:
Біз болашақта облысымыздағы өзге де медициналық орталықтармен байналыс орнататын боламыз. Нәтижесінде ғылыми зерттеулер жүргізіп, саланы дамытуға зор мүмкіндік береді.

Орталық Шығыс Қазақстан, Павлодар облысынан бөлек, еліміздің өзге өңірлеріне де қызмет көрсетеді. Толықтай іске қосылғанда жылына 6600 науқасқа ем көрсетуге қауқарлы.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу