Шығыс Қазақстан бойынша 250-ге жуық елді мекенде ауыз су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан бойынша 250-ге жуық елді мекенде ауыз су жоқ

23.04.2021

Шығыс Қазақстан бойынша 250-ге жуық елді мекенде ауыз су жоқ. Ал құбыр тартыла бастағандарының өзінде іс бітпей жатып қаржы талан-таражға түскен. Тіпті бірнеше шенеунік пен мердігер компания басшылары сотталып кеткен. 2018 жылы ауыз су жүргізіле бастаған кейбір ауылдарда жұмыс аяқсыз қалып кеткен.

Ержан Жақып, тілші:
Таза ауыз су тарту жұмыстары басталып аяқсыз қалған елді мекендердің бірі, осы біз тұрған Мыңбұлақ ауылы. Қазір мұнда халық әрбір үйдің ауласынан қазылған осындай жер құдықтардан су алып күнелтіп отыр.

800-ден астам тұрғыны бар Мыңбұлақ ауылының халқы талай жылдан бері осы суды ішіп күнелтіп келеді. Бұдан өзге елді мекеннің әр жерінде уақытпен қосылатын екі құдық бар. Ауылға 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы таза су тартыла бастағанымен, жұмыс аяқсыз қалған.

Сейсенбі Рақымжанов, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны: 
Мерзіміне жетпей қаражатты пайдаланып қойған. Қазақша айтқанда жеп қойған. Сонымен сусыз қалдық. Енді шаршадық енді. Судың жоқтығынан ауылдың көп тұрғыны көшіп те кетті.
Нұрлан Дінжұманов, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны: 
Құбырды қалай тартып салып кеткені белгісіз енді. Көп жерлері түсіп жатыр. Анау көктем уақытында малдар түседі.

Қопа ауылында да жағдай осы. Қаржы бөлінген,іс бітпеген. Бірақ бір қызығы - жұмыс 100 пайыз атқарылды-деп ауданның тұрғын үй коммуналдық бөлімі бастығы қол қойып жіберген. Бұл заңсыз әрекеті үшін абақтыдан бірақ шыққан. Бас мердігер болса, су тартуға берген қаржыны қалтасына басқан.

Думан Ырғаев, Аягөз аудандық ТҮКШ бөлімі бастығының міндетін атқарушы: 
Негізі сол 80 млн ақшаны қалтасына салып алған. Енді «Л-констракшнның» бастықтары қазіргі таңда түрмеде жатыр.

Бастапқыда берілген қаражат ысырап болған соң қазынадан екі ауылда құбыр құрылысын аяқтау үшін қайтадан 400 млн теңге бөлініп отыр.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу