Ақтөбе облысында сот қызметкері өз-өзіне қол салып қайтыс болды
Ақтөбе облысында аудандық соттың қызметкері өзіне қол салып, қайтыс болды. 58 жастағы хатшы әйел нашақордың туыстарынан істі сотқа жеткізбеу үшін сыйлық алған. Онысы әшкере болғаннан кейін, сот күні өз үйінің жертөлесіне кіріп, асылып қалған. Марқұмның туыстары мен таныстары болған жайға әлі сене алар емес.
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Марқұм Алға аудандық сотындағы ең тәжірибелі мамандардың бірі болған. Ол мұнда 25 жыл қызмет атқарыпты. Әріптестері мен таныстары ол туралы тек жақсы пікір айтады.
Сот қызметкері аудан орталығындағы мына үйде тұрған. Марқұмның көршілері «Болған жайды естігенде төбемізден жай түскендей болды», - дейді. Айтуларынша, сотта істейтін көршілері адал, ақкөңіл жан болыпты. Оның пара алды дегеніне де сенгілері жоқ.
Шахзарад Күлімов, марқұмның көршісі:
- Өте мәдениетті, көргенді, үлкенді сыйлайтын адам болды. Жұмысын жақсы істеп жүрді. Қауесет секілді, ол мұндай іске баратын бала емес.
Сот қызметкерінің туыстары да қайғыдан қан жұтып отыр. Марқұмның артында жолдасы мен ұл-қызы қалды. Енесінің айтуынша, соңғы кездері келіні жүрегі ауырып жүргенін айтып, шағымданыпты.
Тәрбия Тәжікова, марқұмның енесі:
- Отбасында бақытты болды. Келін ұстады, келіні қолында болды. Жұмысына барып келеді.
Бізге белгілісі, өткен жылдың соңында Алға аудандық ауруханасы 25 жастағы жігітті нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы сотқа өтініш түсірген. Жігіттің туыстары мәселені оңай шешу үшін хатшымен келіседі.
Қаным Нұрғалиева, Алға аудандық ауруханасының нарколог-дәрігері:
- Материалды ІІ бөлім жинап береді. Аурухана атынан 6 айға мәжбүрлі түрде емдеуге арыз болды.
Нашақор жігіттің туыстары хатшының өзіне шаңсорғыш, ал, судьяға қымбат бағалы иіссу бермекші болған. Хатшы сыйлықты алған. Ал, судья одан бас тартқан. Нәтижесінде, марқұм болған сот қызметкеріне қатысты «Қызмет бабын пайдалана отырып жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған.
Есдәуір Мұратқанов, Алға аудандық сотының төрағасы:
Оқиға болған. Айыптау актісі бар. Басқа ешнәрсе айта алмаймын.
Ақтөбе облыстық соты таратқан ақпаратқа сәйкес, сот хатшысы алды деген шаңсорғыштың құны 23890 теңге екені белгілі болды. Бұл қылмыстық іс Алға аудандық сотының қаулысымен айыпталушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
