Басты Жаңалықтар Ақтөбеде мектеп оқушылары арасында болған төбелестен бір бала ауыр жарақат алған

Ақтөбеде мектеп оқушылары арасында болған төбелестен бір бала ауыр жарақат алған

Оқиға осыдан бес күн бұрын болған. Қала шетіндегі зираттардың бірінің жанында төрт мектептен жиналған 40-қа жуық оқушы жаға жыртысқан. Дәрігерлер «жарақат алған бала мүгедек болып қалуы мүмкін», дейді. Себебі, кеуде тұсынан кірген пышақ жүйке тамырларын зақымдаған.  Әкесінің айтуынша, баласы қансырап, мектепке қашып барғанда мұғалімдер жедел жәрдем шақырмай, көшедегі көліктердің біріне мінгізіп жіберген.

Нұрлан Теңелов, қала тұрғыны:

- Қолтықтың астынан тыққан. Жүрекке екі сантиметр қалған. Баламның бір қолы істемейді. Жүйке жүйесіне тиген.

Дәрігерлер «пышақ жүрекке екі сантиметрдей ғана жетпей қалған», дейді. Дегенмен, сол жақ қолының қайта қалпына келу-келмеуі белгісіз. Бұл іске қатысты адамға дене жарақатын салу және ұсақ бұзақылық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қалалық Білім бөлімі мамандарының айтуынша, пышақ жарақатын салған күдікті №22 мектептің оқушысы. Ол әзірге өз кінәсін мойындамаған.

Саян Сүлейменов, қалалық Білім бөлімінің басшысы:

- 10 қаңтар күні сағат төрттерде Ақтөбе қаласының №13, 15, 22, 32 мектептерінің оқушылары арасында төбелес болған. Негізі, бұл төбелестің неден басталғаны әлі толық белгісіз. Қай мектептің балалары кінәлі, қай мектептің балалары жәбірленуші екенін білмейміз. Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу