Қызылорда облысында мектептердің 70 пайызы қашықтан оқуға көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында мектептердің 70 пайызы қашықтан оқуға көшті

19.04.2021

Қызылорда облысында эпидахуалдың нашарлауына байланысты мектептердің 70 пайызы онлайн оқуға көшті. Қазір санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 9 және 11-сынып оқушылары дәстүрлі форматта білім алуда. 

Жалпы соңғы үш тәулікте аймақта індет жұқтырғандар саны 140-тан асты. Індет өрши берсе, облыс «қызыл» аймаққа өтуі мүмкін. Эпидемиологтар жағдай оңалмаса, карантиндік талаптар қайта қатаңдатылатынын ескертуде. Әсіресе, жасөспірімдер арасында вирус жұқтырғандар саны артып барады. Жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі 200-ге жуық баладан ковид анықталған. 

Маңғыстауда да бүгіннен бастап 9 бен 11-сыныптардан басқалары қайтадан қашықтан оқуға көшті. Облыстық штаб өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты осындай шешім қабылдады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу