Сағаттар, әшекейлер мен тұрмыстық щеткалар Еуразиялық экономикалық одақ аумағында әзірге қауіпті өнімдерге жатады. Өйткені олар ұйымның бірыңғай техникалық реттеуіне және тауарға белгіленген талаптар тізбегіне енбей қалған. Жалпы, сондай 15 түрлі өнім бар. Енді сол тауарлардың еркін айналымын жүйелеу үшін Сенат арнайы заң жобасын қабылдады. Осылайша әрбір өнімнің адам денсаулығы, жануарлар мен өсімдіктерге зияны, қоршаған ортаға залал келтіргені анықталса, Одақтың ортақ ақпараттық ресурсында орналастырылады. Олар тұтынушыларға да қолжетімді болады. Ал, қазір азық-түлік, балаларға арналған дүниелер, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау сияқты 85 пайыз өнім Еуразиялық экономикалық одақ аясында реттеліп отыр.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Келісімді ратификациялау келесі мәселелерді шешуді қамтамасыз ететінін атап өткім келеді: Мемлекет үшін - барлық өнімнің қауіпсіз айналысын қамтамасыз етудің құқықтық шарттарына қол жеткізеді. Бизнес үшін - адал кәсіпкерліктің кепілі болады. Тұтынушы үшін – сапалы өнімді таңдауға мүмкіндік береді.
Алайда, отандық нарықты қорғауда іс баяу. Кей ішкі өнімнің бәсекеге қабілеті әлсіз және бірқатар тауар бойынша ұлттық техникалық регламент жоқ. Салдарынан сапасыз импортқа тосқауыл қоюға қауқар жетпей жатыр,-деді сенат депутаты Ләззат Рысбекова. Сондықтан ұлттық стандарттарды белгілеу маңызды.
Нысаналы Ығыл