Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 3 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 3 миллионнан асты

07.04.2021

Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 3 миллионнан асты. Тәулігіне көп адам жоғалтудан Бразилия бірінші орынға шықты. Сейсенбіде мұнда 4 мыңнан астам тұрғын ковидтан жантәсілім еткен. Сондықтан елдегі эпидемиялық жағдай «биологиялық Фукусима» атанып отыр. 

«Рейтер» агентігінің дерегінше, қазір коронавирусқа шалдығу оқиғалары жер шарының 65 елінде көбейіп келеді. Өткен аптада мұндай мемлекеттер саны 70-тен кем емес еді. Қауіпті инфекция пандемия басталғалы дүниежүзінде 132 миллионнан астам адамнан табылып отыр. 

Ал вакциналау науқаны кемінде 153 елде басталды. Пәкістанда сан мың адам Ресейдің «Sputnik V» екпесін салдыруға асық. Карачи қаласы дәрігерлерінің сөзінше, бұл препараттың екі дозасы 80 доллар тұрса да, оны сатып алушылар ұзынсонар кезекте тұр. Жергілікті үкімет болса, барша халықты қамтамасыз ету үшін вакциналарды жеке компаниялардың сатуына да рұқсат берді. Айта кетсек, осыған дейін Ливия үкіметінің басшысы «Sputnik V»-дің келуін «елге жауған жаңбырдың алғашқы тамшысы» деп мақтаған еді.

Ал Колумбияда 104 жастағы әйел коронавирусты екі рет жұқтырып, тағы да жазылып кетті. Осы жолы дертпен 21 күн бойы күрескен Кармен Хернандесті дәрігерлер ду қол шапалақтап үйіне шығарып салды.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу