Ресейде бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 10 мыңнан асты

04.05.2020

Испания, Италия, Францияда коронавирустан қайтыс болғандар саны айтарлықтай азайып келеді. Жалпы алғанда, дүние жүзі бойынша бұл дертті 3 жарым миллиондай адам жұқтырды.

Ресейде бір тәулікте вирус жұқтырғандар қатары рекорд жаңартып, 10600-ден асты. Дегенмен, мұнда құрбандар саны өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен – соңғы 24 сағатта 58 адам қайтыс болған. Жергілікті басшылықтың сөзінше, Ресейде құрбандардың аз болуына эпидемияның кеш басталуы және биліктің оған дайындалып үлгеруі себепші.

Жапония болса, төтенше жағдай режимін мамырдың соңына дейін созды.

«Рейтер» агенттігінің есебінше, әлемде коронавирус диагнозы қойылған адамар саны 3 жарым миллионнан асып, 246 мыңы қайтыс болған. Сол құрбандардың 67 мыңнан астамы – америкалықтар.

Президент Дональд Трампқа сенсек, планетаны шарпыған инфекцияға қарсы вакцина жыл соңына дейін дайын болуы мүмкін. Бірақ, медицина сарапшыларының ойынша, Covid-19-дан емдейтін препарат жасау үшін бір жарым жылдай уақыт қажет.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу