Пандемияның басталғанына - 1 жыл: Президент індетті тек вакцинация арқылы жеңетінімізді айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемияның басталғанына - 1 жыл: Президент індетті тек вакцинация арқылы жеңетінімізді айтты

14.03.2021

Бір жыл бұрын 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық ұйымы COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады, 13 наурызда елімізде алғашқы дерек тіркелді. 16-нан Президент Төтенше жағдай жариялады.

Президент осы аптада твиттердегі парағында бірнеше жазба қалдырды – біріншісінде «Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады», десе, екіншісінде: «Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік», деген. Ал соңғысын: «Бірақ дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын», деп аяқтайды.

Бәріміздің есімізде ғой - Төтенше жағдай жарияланған кейін шекарадан кіріп-шығу шектелді, бүкіл қоғамдық орын, мектептер жабылды. Қашықтан оқып, қашықтан жұмыс істеу деген пайда болды. Оны айтасыз, қаншама кәсіпорын, қызмет көрсету салалары жұмысын тоқтатты. Оның зардаптарын әлі тартып отырмыз...

Сарапшылар, пандемия бірінші кезекте халық денсаулығының және жалпы медицина саласының жағдайы онша емес екенін көрсеткенін айтады. Денсаулыққа қарау туралы мәселенің қыры көп. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек, эпидемиологиялық қадағалау, медицина қызметкерлерінің білігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеуді ұйымдастыру бұлардың қандай екенін анық байқадық.

Иә, пандемия медицина ғана емес, бүкіл саланың бейнелеп айтқанда, шымылдығын түрді. Шымылдықтың ар жағында не барын көрдік...

Дегенмен проблемалар түбегейлі шешіліп кетпесе де, оң өзгерістер жолына түскен салалар бар, мысалы, интернетпен қамту, онлайн-қызметтер.Тағы бір маңызды деталь - кредит алып, жүздеген, мыңдаған адамға той жасамасақ та, үйленуге болатынын түсінгендейміз. Жас жұбайлардың бақыты тойға баратын адам санына қатысы жоқ екенін ұққандар аз емес. Алайда кедей бола тұра, ысырапшыл әдетімізден құтылдық деп сеніммен айта алмаймыз...

Сонымен Үкімет коронавируспен күреске бір миллиард доллардан аса қаржы бөлді. Бұл 471 млрд теңге. Осының 115,4 миллиарды денсаулық саласына берілді. Жалпы, алдында жоспарланған ақшамен қосқанда денсаулық сақтау саласына былтыр 302,5 млрд теңге құйылған. Раушан Сайлауқызының материалы.




Хабарламаларға жазылу