Басты Жаңалықтар Ауыр кәсіпті арқалаған аналар

Ауыр кәсіпті арқалаған аналар

Сан салада сұлу көп. Бірақ, ауыр кәсіпте бірегей. Біздің келесі сюжетіміздің кейіпкерлері - қауіпті жерлерде қалтқысыз қызмет етіп жүргендер. Еңбегі ерлерден кем емес. Мереке қарсаңында көзден таса болса да пайдасы мол іс тындырып жүрген аналар жайлы айтпақпыз.  

Мамзура апа жастайынан тігінді емес, темірді таңдаған. Әкесі ұстаз болуын қаласа, өзі ұсталыққа талпынды. Жаңылмапты. 45 жылдан бері құрышты ұршықша иіреді. Құрылысқа қажет арматура осы шебердің қолынан өтеді. Қазір зейнетте. Бірақ, еңбекте. 50 адамға басшы. 

Мамзура Құрманбаева, арматура цехының басшысы:  
Кеңес одағы ыдыраған кезде жұмыссыз қалу қиын болған шығар. Әйтпесе, осы салада жүріп қиындық көрдім деп айта алмаймын. Жыл сайын технология жаңарып келеді. Бұрын мына темірден бәрін қолмен жасайтынбыз. Қазір автоматтандырылған. Өз білгенімді мына жастарға әбден үйретіп, артымнан із қалдырғым келеді. 

Ал, Айжан аз уақытта шегеден бастап дайын үйге дейінгі құрылыс материалдарын жатқа меңгеріп алды. Өйткені күн сайын зауытқа қажет затты сұрыптап, сапасы мен санын тексеру міндеті. 

Айжан Дентаева, оператор: 
Көмекші ретінде аппаратуралар бар. Сол заттарды әйел заты меңгеріп жұмыс жасайды. Ауыр кездер де кездеседі. 

Бибігүл Жәменова көлік атаулының құлағында ойнайды. К700 ауыр техникасын да оңай жүргізген. 22 жасынан тас жолда. Қазір, автобус тізгінінде. Бірақ, қалауы қала жолынан дала жолына ауып жүр. 

Бибігүл Жәненова, автобус жүргізушісі:  
Болашақта фура жүргізгім келеді, алғашында К700-ден бастағам, маған автобус жүргізу қиын емес. Бұзылса түсінемін. Қандай сайман, қандай себеп болғанын. 

Ауыр кәсіпті арқалаған арулар әріптестерінің алды, қызметінде абыройлы. Десе де ана деген асыл міндетін алғашқы орынға қояды.   

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Үш кейіпкеріміз де ерге бергісіз істе үздік. Түздің тірлігімен қатар отбасының береке-бірлігін сақтап отыр. Қазақ әйелінің образы осындай. Жандары нәзік, бірақ, алмайтын қамалы жоқ. 


Раушан Сайлауқызы


Бөлісу