Алматы облысында болған жантүршігерлік оқиға - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Еске салсақ, осыдан екі күн бұрын Қорам ауылында ішімдік ішіп алған жүргізуші төрт бірдей оқушыны қағып кеткен еді. Бір қыз бала дәрігер қарауынан кейін үйіне қайтарылса, екіншісі Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында жатыр. Қалған екеуі Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде.
Қуан Нұрақын, тілші:Оқиға дәл осы жерде болған. Кешкі сағат 5 жарым шамасында 8-9 жастағы оқушылар мектептен үйіне қарай қайтып келе жатқан. Кенет алдынан УАЗ көлігі шығып, төртеуін қаққан күйі анау тұрған жол белгісінің қасына барып бірақ тоқтаған.
Оқыс оқиға Александра мен Тонидың тура үйінің қасында болған. Айтуларынша, қыздардың жылаған дауысын естіп, сыртқа жүгіріп шыққан. Жантүршігерлік жәйтті көзбен көрген ол не істерін білмей, есеңгіреп қалған.
Александра Григориади, куәгер:Біз келгенде екі қыз ес-түзсіз жатыр екен. Әлсіреп қалған. Сөйлеуге шамалары жоқ. Шынымды айтсам не істерімізді білмей қалдық. Жедел жәрдем көлігі 20 минуттан кейін келді.
Фатыгүл - оқиғада зардап шегіп, алайда дәрігерлер қарауынан кейін үйіне жіберілген төртінші қыздың әжесі. Немересі сол күні сөмкесін әкесінің көлігіне салып жіберіп, жаяу қайтқысы келген екен. Шошынып қалған қызбен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр.
Тағы бір оқушы қазір облыстық балалар клиникалық ауруханасында. Аяғына операция жасалды. Ал комада жатқан екі қыздың жағдайы әлі жақсармаған. Жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Рүстам Кәмілжанұлы, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы директорының орынбасары:Жансақтау бөлімінде жатқан екі қыздың жағдайы өте ауыр. Қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасап жатырмыз. Облыстан арнайы мамандар көмекке келді. Толық бақылауда ұстап отырмыз.
Қорам ауылдық мектебінің үшінші сыныбында оқитын төрт оқушы да оқу озаттары екен. Оқыс оқиғаға кінәлі 53 жастағы жүргізуші қазір қамауда отыр. Үстінен қылмыстық іс қозғалды.