Басты Жаңалықтар 13 мың қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе салдырды

13 мың қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе салдырды

Қазақстандықтардың 60 пайызы жаппай екпе салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана бетпердесіз жүруге болады. Бүгін баспасөз алаңына жиналған денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері екпенің маңызы мен эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Қазірдің өзінде екпе салдырған медицина қызметкерінің саны 13000-нан асты.

Елде екпе салдыратын 778 пункт әзірленіп, 9000-дай медицина қызметкері екпе салудың техникасын меңгерді. Қазір вакцина салдырған мамандардың жағдайы қалыпты. 218 маман денсаулығына байланысты екпені кейінге қалдырған. 130 қызметкер вакцинадан бас тартты. Егер вакцинациялау жұмыстары жоспар бойынша жалғасса елдегі эпидемиологиялық жағдай түзеледі, - дейді министрлік өкілі.

Ажар Ғинаят, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
-60 пайызы екпе салдырып, ұжымдық иммунитет салдырғанда ғана маска тақпауға болады.

Алайда бас санитар бұл арманның жуырда орындала қоймайтынын ескертті. Себебі, 10 млн адамды екпемен қамту бір жылда бітетін шаруа емес. Ал америкалық Файзер вакцинасын елге жеткізу туралы келісімшарт жасалмаған. Қарағандыда өндірісі басталған ресейлік екпенің алғашында 90 мың, шілдеге дейін 2 млн дозасы өндірілмек. Бір екпенің құны 26 доллар, жалпы жұмсалған қаражат 18 млрд теңге. Егер отандық екпенің соңғы кезеңі сәтті аяқталса 2 млн доза өндіру жоспарланған. Оған бюджеттен 31 млрд теңге қаралды. Жалпы екпе өндірісіне шамамен 50 млрд теңге жұмсалмақ.

 Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Ресейлік вакцинаның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша рұқсаты бар. Ондай екпені тіркеусіз-ақ әр ел өз еркімен сатып алуға, салдыруға құқы бар. Мен өзім денсаулық сақтау министрі ретінде отандық ғалымдарды қолдай отырып, қазақстандық вакцинаны салдырғым келеді. Көпжылдық тәжірибе көрсеткендей –вакцина ауруды жеңудің жалғыз жолы.

Қазақстан әлемде коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймақта тұр. Дегенмен ел ішіндегі эпидахуал жақсарды деп айтуға әлі де ерте. Қызыл тізімнің қатарында Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола мен Павлодар облыстары бар. Аурухананың 26 пайызы науқаспен толыққан. 352 адам жан сақтау бөлімінде жатыр.

 «Ашық» мобильді қосымшасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы 40-тан астам мекеменің игілігіне жарады. Оның қатарында монша, бассейн, кинотеатрлар бар. Пилоттық жобаға жүгінушілер саны көбейе түсуі мүмкін. Себебі, пандемия басталғалы 13000-нан астам кәсіпкерлік нысанның жұмысы тоқтаған.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
-Ал бизнес субьектілеріне барушылар «Ашық мобильді» қосымшасын телефонға жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялау жүргізсе жеткілікті. Түстерге бөлу әлеуметтік желіде айтылғандай адамдардың өмірін аңдуға немесе қадағалауға арналмаған. Бұл адамдардың вируспен науқастанғанын немесе байланыста болған болмағанын анықтауға мүмкіндік береді. QR код арқылы жасыл белгі Птр тестілеудің өтіп, ковидтің анықталмағаны, көк түс ПТР анықматаның жоқтығын, ал қызыл ковид жұқтырған адам деген белгі.

Раушан Сайлауқызы

 

Бөлісу