Президент VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысты

15.01.2021

Жаңа депутаттар алдында жаңа міндеттер тұр. Бүгін Мемлекет басшысы 7-ші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысып, жаңа саяси реформалар пакетін жариялады. Олардың ішінде саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету, алдағы сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазуды енгізу сияқты ұсыныстар бар. Реформалар сот жүйесіне де жүргізіледі. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салада әлі де түйткілдер көп екенін сынға алды. Президент әлеуметтік-экономикалық бағыттағы міндеттерді де айқындады. 

Қазақстандағы реформалардың басты бағдары – саяси жаңғыру. Былтырғы саяси реформалардың алғашқы пакеті партияларға жаңа мүмкіндіктер беріп, Парламенттік оппозиция құруға бағытталған. Бұл жолғы сайлаудан кейін партиялар өзгемермесе де, әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлудің арқасында партиялардың құрамы жаңарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қаншалықты қызу өткеніне куә болдық. Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар да бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық.

Ал алдағы сайлауда заң шығарушы органның жұмысын жандандыра түсу үшін Президент Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Яғни, биыл «әттеген-ай» деп қалған партиялар мен олар үшін дауыс берген сайлаушыларда да жаңа үміт оты тұтануы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ, елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді. Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады.

Ал азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету үшін Президент сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсымын» деген жазуды енгізу керек, - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!

Халықаралық тәжірибеге сай тағы бір ұсыныс - «Жастардың даму индексін» енгізу. Президент депутаттарға «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуді тапсырып, қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау мәселесін назарда ұстауды еске салды. Ал азаматтық белсенділікті арттыру үшін тағы бір маңызды қадам жасалмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жыл басында мен кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті заңға қол қойдым. Сол арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттігін едәуір күшейттік. Енді, азаматтық белсенділікті арттыру жолында тағы бір маңызды қадам жасалады. Бұл – талқыланып жатқан «Қоғамдық бақылау туралы» заң. Біз онлайн-петиция институтын да заң жүзінде ресімдеуіміз керек. Бұл бастамалардың мақсаты – мемлекет қызметінің тиімділігін арттыру, шешім қабылдауға азаматтық қоғамды тарту.

Адам құқығын қорғау саласын да жетілдіру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде омбудсмен институты бар болғанымен, оның әлеуеті әлсіз екенін сынға алды. Сондықтан көпке созбай Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдап, бұл институтты, ең алдымен, өңірлерде дамытуды тапсырды. Өйткені аймақтардан шағым көп. Халықтың көңілінен шықпайтын тағы бір сала – сот жүйесі. Президент оны да жаңғыртуға пәрмен берді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс.

Айта-айта жауыр болған тағы бір тақырып – ауыл мәселесі. Президент жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуды көздеп отыр. Ол үшін биылдан бастап жекелеген ауылдық округтердің әкімдері сайланады. Кейін аудан әкімдерін сайлауға да көшеміз, - дейді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды.

Ал мықты қоғам құру үшін әлеуметтік саясат та тиімді болуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы адами капитал мен «білім экономикасына» баса назар аудару керек екенін айтты. Отандық денсаулық сақтау саласын жаңғыртып, әлеуметтік қамту жөніндегі саясатты қайта қарауды тапсырды. Қазір жаңа Әлеуметтік Кодекс әзірленіп жатыр. Президент депутаттарға әлжуаз топтарға көмекті нығайтып, әлеуметтік саясатты жетілдіруді жүктеді. Жалпы, Парламенттің басты екі міндеті - сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Ал заң нормаларын әзірлегенде әлдекімдердің жеке мүддесіне лобби жасамай, сайлаушылардың сұранысын басшылыққа алу керек. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың оларға сенім артып, оң өзгеріс күтетінін еске салды. Ел арасында «халық қалаулысы» деп аталған депутаттар мандатқа кір келтірмей, қоғамның тамырын дөп баса алуы тиіс. Өйткені «жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді», - деді Президент.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу