Мемлекет басшысы бүгін саяси реформалардың үшінші пакетін ұсынды. Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасына осылай жазды.
«Президент жүйелі және дәйекті түрде саяси жаңғыруды жүзеге асыруда. Онда саяси партиялардың да ұсыныстары ескерілген. Реформалардың алғашқы пакеті 2019 жылы 20 желтоқсанда таныстырылды. Ол арқылы партияны тіркеу жеңілдеп, әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота берілді. Парламенттік оппозиция институты енгізілді. Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және 174-бабын ізгілендіру іске асты. Митингілер туралы заң қабылданды. Саяси реформалардың екінші пакетін Мемлекет басшысы 2020 жылы 1 қыркүйекте жария етті. Президент ауыл әкімдерін сайлау керегін айтты. Сондай-ақ онлайн-петициялар үшін бірыңғай институт құруды тапсырды. Азаптауға, адам саудасына қарсы іс-қимыл және азаматтарды кибербұзушылықтан қорғау үшін заңнаманы жетілдіру керегін жеткізді. Ал, Президенттің бүгінгі бастамалары Қазақстанның саяси жүйесін институционалдық тұрғыда ары қарай дамыту жағынан зор маңызға ие», - деп жазды Ерлан Қарин.
Президенттің бастамаларына қатысты саясаттанушылар пікір білдірді.
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
Мына 5 пайызға Парламентке өту межесін түсіру партиялар үшін менің ойымша бұл демократияның бір нышаны деп білемін. Себебі, 5 пайыз дегеніміз бұл 600 мың адам. Онда болашақта бізде көп партиялар пайда болуы ықтимал.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
Президент байқасаңыздар аудан әкімдерін сайлауға біз келеміз деді. Яғни, егер де осы ауыл әкімдерін сайлау реформасы сәтті іске асатын болса, Мысалыға, мынау Оңтүстік өңірлерде өздеріңіз білесіздер 30-40 мыңға жуық халқы бар ауылдар бар. Сол жерге еліміздің ең белсенді, креативті жастары,азаматтары барып сайланып, елдің алғысын алып жатса бұл біздің азаматтардың өзінің потенцияланы ашатын, халықтың дауысы үшін күресетін, өзінің беделі үшін күресетін мүмкіндік.
Амангелді Сейітхан