Қордайдағы тәртіпсіздікке байланысты алғашқы сот отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қордайдағы тәртіпсіздікке байланысты алғашқы сот отырысы өтті

03.12.2020

Таразда Қордай оқиғасына қатысты алғашқы сот процесі өтті. Онда жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген 51 адам айыпталуда. Жалпы, Қордайдағы тәртіпсіздік кезінде 11 адам қаза тапты.   

Алғашқы сот тыңдалымы қаладағы СИ-13 тергеу изоляторында өтті. Қауіпсіздік шаралары күшейіп, мекеме маңы қоршауға алынған. Эпидемиялық жағдайға байланысты санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Сондықтан сот залына кірген барлық азаматтардан ПТР-тест алынды. Айыпталушы 51 азаматты, 60 адвокат қорғап отыр.  

Берік Құлтасов, Жамбыл облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы:  
-Сот процесінің ашықтығы, сот қорғауына қолжетімділік, және процеске қатысушалрдың қарсыласу құқықтарын іске асырлуы қамтамасыз етіледі.  

51 айыпталушының дені Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары. Қарасай батыр, Қаракемер, Масанчи, Сортөбе ауылы азаматтарының қандай жаза арқалайтыны әзірге белгісіз. Мамандар әзірге тергеу мәліметтері жарияланбайды дейді. 

Берік Құлтасов, Жамбыл облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы:    
-Іс бойынша сот талқылау әлі басталмағанын ескере отырып, қылмыстық іс материалдарын жария етпеу мақсатында нақты эпизоттар бойынша сұрақтарға жауап беруге құзырлы емеспіз. 

Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы тәртіпсіздік кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. Сондай-ақ, 342 адам зардап шеккен. Бүгінгі сот отырысына жәбірленушілердің жетеуі ғана қатысты. Қыркүйек айындағы жанжалға байланысты 7 адамның соты бөлек өтіп, үшеуі 5 жылдан 7 жылға дейін сотталды. Жақында қалған төртеуінне шартты жаза кесілді.    

Сәбит Әлдебай  


Қордай тәртіпсіздік сот отырысы

Хабарламаларға жазылу