Депутаттар зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беретін заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беретін заң жобасын мақұлдады

04.11.2020
Депутаттар зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беретін заң жобасын мақұлдады

Бүгін құжат Мәжілістің бірінші оқылымынан өтті. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қамту вице-министрі Ақмәди Сарбасов Мәжілістің жалпы отырысында зейнетақы жинағын пайдалану үшін қандай шарттар бар екенін тағы бір таныстырып, қандай сома болған кезде халық жинақты пайдалана алатынын айтты. 

«Заң жобасында алуға болатын сомадан қалатын шекті Үкімет бекітеді. Бұл тәсіл бойынша зейнетақы жинаған арнайы талаптарға сай азаматтар ғана пайдалана алады. Қазіргі таңда талапқа сай келетін 700 мыңнан астам азамат бар. Олар 1,4 трлн теңгені қолдана алады. Қаражат әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін ғана беріледі. Ал белгілі бір шекті орнатудағы басты мақсатымыз - халықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Ол кейбір параметрлерді ескере отырып, жүзеге асырылады. Яғни, халықтың жеткілікті мөлшерде жалпыға ортақ зейнетақы алуын ұйымдастыру үшін осы жеткіліктілік шегі бекітілді», - деді вице-министр.

Осы орайда Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мемлекеттік органдарға нақты әрі халыққа түсінікті болатын заң жобасының механизмдерін қалыптастыруды тапсырды.

Айта кетейік, 2021 жылдан бастап қазақстандықтар емделуге және тұрғын үй мәселесін реттеу үшін зейнетақы жинағын пайдалана алады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлады. 

зейнетақы жинағы зейнетақы жинағын пайдалану

Хабарламаларға жазылу