415 шақырым жолдың үш жылда тек он шақырымы ғана жөнделген. «Омбы-Майқапшағай» трассасындағы жөндеу жұмыстарының қарқыны тым баяу. Жол бойындағы елді мекен тұрғындары құрылыс басталғалы әбден бейнет шектік деп шағымданады.
Ержан Жақып, тілші:-Жөнделіп жатқан жолдың кей жерлерінде ғана болмаса, басым бөлігінде жол жөндейтін техника мүлдем көрінбейді. Соған қарағанда мұнда әлі қыруар жұмыстың барлығы айтпаса да байқалып тұр. Тас жолдың көп бөлігі талқаны шығып қопарылып жатыр.
Жол жөндеу жұмыстары басталғалы көргеніміз бейнет-дейді көлік жүргізушілері. Уақытша салынған айналма жолдардың шаңы аспанға шығып, жауын жауса ми батпаққа айналады. Тұрғындардың айтуынша жөнделуі тиіс тас жолдың көп бөлігінде жұмыс мүлдем тоқтап қалған.
Серік Елеусізов, жүргізуші:-Жол жоқ бір ауыз сөзбен. Жолдың сілемі бар. Бірақ, жол жоқ.
Марат Батталов, жүргізуші:-Екі жылда істелгені 15 шақырымды асфальттады.
Нұржан Досымжанов, Ақсуат ауылының тұрғыны:-300 шақырымдай жерді бірақ жыртып, быт-шытын шығарып тастады. Бөліп-бөліп істесе деп ойлағанбыз. Көкпектіден әрі қарай мүлде бригадалар кетіп қалған ғой деймін. 1,5-2 ай болып қалды мүлдем істеп жатқан жоқ.
Жолдың баяу жөнделіп жатқанын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандары да мойындап отыр. Оған биылғы карантин кінәлі-дейді. Тас жол құрылысымен айналысып жатқан Қытайдың «Синь-Синь» компаниясы коронавирус өршіген кезде жұмысын тоқтатқан. Салдарынан құрылыс кестеден кешіккен.
Айдын Ескенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:-Көпірлер салынып, құбырлар жинастырылып жатыр. Сондықтан қысқы уақытта толығымен үстінен жол жүрісі болады. Ал қазіргі уақытта тапсырылады дегеніміз, жаңағы бірінші қабат пен екінші қабатпен жол жүрісін беру.
Осылайша мамандар көлік қатынасын жеңілдету үшін қыста тас жолдың бітпеген бөліктерін де ашуды жоспарлап отыр. Үш жылда 10 шақырымы ғана істелген күре жолдың алдағы екі жылда жөнделіп бітетініне тұрғындар мүлде сенбейді.
Ержан Жақып