ШҚО-да ауыл тұрғындары өз күштерімен аспалы көпір салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да ауыл тұрғындары өз күштерімен аспалы көпір салды

28.10.2020

Шығыс Қазақстандағы Көктал ауылының тұрғындары өз күштерімен аспалы көпір салып алды. Әсіресе, көктем мен күзде жұрт ауыл іргесінен ағатын өзен арқылы өте алмай қатты қиналатын. Сондықтан елді мекен жастары өткел тұрғызуды қолға алды. Айналасы бір жылда салынып біткен инженерлік нысан жақында қолданысқа берілмек. 

Ержан Жақып, тілші:
-Аспалы көпірдің жалпы ұзындығы 100 метрден асады. Өткелді жергілікті өнертапқыш өз күшімен жасап шығарған. Қазір жұмыстардың 90 проценті аяқталды. Дегенмен ауыл тұрғындары қазірдің өзінде игілігін көріп жүр.  

Көпірдің авторы сызу, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі-Ахат Рақышев. Жылдар бойы өзеннен өте алмай бейнет көріп келген тұрғындарға қол ұшын созу үшін өзге жастар да игі іске жұмыла кетті. 

Ахат Рақышев, көпірдің авторы:
-Көктем кезінде әсіресе қатты қиналатын. Балықшылар, қырға баратындар, мал іздеушілер. Атпен өтеді, жүзіп өтеді. Сол аяқ астынан көпір салайық-деп шештік. 

Көпірді саламыз деген жастардың бастамасына бастапқыда күмәнмен қарағандар көп болды. Жұмысты бастап кеткен соң қолдау білдіріп, қаржылай демеу жасағандар көбейген. Бұрын-соңды мұндай күрделі құрылыспен шұғылданбағандықтан көпір тұрғызу көкталдықтарға оңайға соқпаған.

Ахат Рақышев, көпірдің авторы:
-Енді көпір саламыз дегенде ешқайсысы қатты сенбеді. Сендер қайтып саласыңдар деген әңгімелер болды.  
Айдын Есболов, Көктал ауылының тұрғыны: 
-Бастамай тұрғанда оңай сияқты болған. Бастаған соң кішкене ортасына келіп, «қайта орта жолдан тастап кетейік па?»-деген ойлар келді. Енді бастап қойған соң ұят қой деп, ерінбей істеп шықтық. 

Жаяу жүргіншілерге арнап жасаған аспалы көпірден жұрт атпен, мотоциклмен де өтіп жүр. 

Мұхаметжан Сабанбаев, Көктал ауылының тұрғыны:
- Қуанышымызда шек жоқ.

Өткелді енді сырлау, қосымша бекіту сияқты жұмыстары қалды. Қазірдің өзінде оны қолдана бастаған ауыл халқы жақында нысанның салтанатты түрде ашылу рәсімін жасамақшы.

Ержан Жақып


Шығыс Қазақстан Көктал ауылы аспалы көпір

Хабарламаларға жазылу