Пандемия кезінде Мәскеуден көмек жіберген жерлестерінің құрметіне баянауылдықтар мемориалдық тақта орнатты. Дәрі-дәрмек пен меджабдықтар тиелген жүк көлігі аймаққа COVID-19 вирусының таралуы күш алып, ауруханаға сырқаттар үсті-үстіне түсіп жатқан сәтте келіп жетті. Жомарт азамат сол жолы Ақтау мен Семейге де осындай көмек жасаған екен. Бірақ кәсіпкер өз атын жарияламауды өтінген. Ал жақында Мәскеуден Сымбат Микаелянның бақилық болғаны жайлы суық хабар жетті. Әлеуметтік сала, әсіресе білім беру және табиғаты таңғажайып өңірдің экологиясын сақтау шараларына қаржылық көмегін аямаған меценаттың өліміне аудан халқының қабырғасы қайысты. Көпішілік Баянауылдағы көше немесе саябаққа Сымбат Микаелянның есімін беру бастамасын көтеріп жатыр. Бүгін марқұм білім алған мектепке ескерткіш тақта қойылды.
Болат Аманбаев