Түркияның ірі агрохолдингтері елімізде жаңа өндіріс орындарын ашады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның ірі агрохолдингтері елімізде жаңа өндіріс орындарын ашады

19.10.2020

Түркияның ірі агрохолдингтері елімізде жаңа өндіріс орындарын ашады. Осы елге арнайы барған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров түркиялық белді компания өкілдерімен кездесіп, осындай келісімдерге қол жеткізді. Қазақстанға инвестиция құйып отырған 10 ірі елдің бірі Түркия осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруге ниетті. 

Түркістандағы арнайы экономикалық аймақта төрт түлікке арналған вакциналардың барлық түрін шығаратын кәсіпорын ашылады. Түркияның осы саладағы ең ірі компаниясы құны 50 млн доллар тұратын, әлемдік стандарттарға сай зауыт құрылысын бастайды. Тиісті келісімге екі елдің кәсіпкерлері қол қойды. Отандық вакцина ішкі нарықты толық қамтып, көрші елдерге де экспортқа шығарылмақ.

Төрегелді Қалмұратов, «Vetal Kazakhstan» компаниясының құрылтайшысы:
Біз инвестиция тарту жөнінде үш этапқа бөліп келісімге тұрдық. Оның біріншісі 2020 жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2021 жылы іске қосу. 7 млн долларға арналған жоба одан кейін 25 одан кейін тағы 18 млн жалпы қосқанда 50 млн долларды осы Веталь компаниясы инвестиция жасап отыр. Бұл отандық вакцина зауыты болып табылады. 90 пайыз жұмыс күші отандық болады.
Абдулла Тутар, компаниясының құрылтайшысы:
Қазақстанда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Сол малды ауру сырқаудан қорғау өте маңызды. Ал бұл зауыт тек Қазақстан ғана емес, көрші мемлекеттерді қамтуға да қауқарлы болмақ. Алғашқы кезеңде 75 адаммен жұмыс бастаймыз, үшінші кезеңде 300 жаңа жұмыс орыны ашылмақ. 

Ал Қазақстанда өсірілетін алма ішкі сұраныстың тек 60 пайызын қамтуға жетеді. Отандық жеміс өндіру саласында сапалы көшет өсіру мәселесі ақсап тұр. Осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында Алматы облысында алма көшетін өсіру питомнигін салу туралы келісімге де қол қойылды. 

Серік Садықов «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы» ҒЗИ басқарма басшысы:
Құны 20 млн доллардан асатын жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойдық. Оның 1 млн долларын инвестор бүгін беруге даяр. Біз Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарын жеміс көшеттерімен қамтимыз. Осы жоба аясында сондай-ақ ағаштардың саулығын қамтамасыз ететін арнайы лаборотория да салынады. Жоба жүзеге асқанда 140 жаңа жұмыс орыны ашылмақ.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сапары аясында тағы бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Мәселен, Павлодар облысында құны 150 млн доллар тұратын, тәулігіне 10 мың тонна қант өндіретін зауыт салуға түркиялық ірі холдинг инвестиция құюға даяр. Бұдан бөлек құлпынай, қант қызылшасы, майлы дақылдар өсіру үшін де түрік кәсіпкерлері Қазақстанға қаржы салуға дайын. Министр сапарынан соң екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы байланыс бұдан да тереңдей түсетініне сенім білдірді тараптар. 

Айдос Әшімұлы

түркия келіссөз Ауыл шаруашылығы министрлігі

Хабарламаларға жазылу