Оқиға бүгін таңғы сағат 5:30 шамасында болған. Алматы-Ташкент-Термез тасжолының 649-шы шақырымында. Бұл - Түлкібас ауданы Машат ауылының тұсы. Автобус Алматыдан Сарығашқа келе жатқан. Полицияның айтуынша, апатқа жаңбырлы ауа райы себеп болуы мүмкін. Жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Екі қабатты биік автобус сырғып келіп, оң жақ бүйірімен жол жиегіне құлап кеткен. Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сенсек, бұл жерде заңсыз жолаушылар тасымалы дерегі болуы да мүмкін.
Салтанат Қарагөзова, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
- Анықталғандай автобус күрделі жөндеуден өтіп, Алматы қаласынан Сарыағашқа келе жатып, жол-жөнекей жолаушыларды мінгізген.
Дəрігерлер 25 адамның медициналық көмекке жүгінгенін айтады. Оның 8-і Сайрам аудандық ауруханасына жатқызылған. Үшеуі - бала, үшеуі- жүкті əйел. Ал ауыр жарақат алған автобус жүргізушісі мен тағы 1 жолаушы облыстық клиникалық ауруханасына жөнелтілген.
Төлеген Құралбаев, Сайрам аудандық ауруханасы бас дəрігерінің міндетін атқарушы:
- Миы, жұмсақ тіндері соғылған. Жағдайы тұрақты ауыр.
Зардап шеккендердің туған -уыстары оқиға орнына барып, жақындарының автобуста қалған заттарын түгелдеп жүр.
Арман Орынбаев, зардап шегушінің туысы:
- Бұл жерде тек жүргізушінің қасындағы жігіт қана қатты жарақат алған.
Қазіргі уақытта Полиция департаменті тергеуді бастады. Нақтырақ айтсақ, «Жол қозғалысы жəне көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуге кірісті.
Гүлжазира Ғалиқызы