Мың алғыс, дәрігер! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мың алғыс, дәрігер!

05.08.2020

Мың алғыс! Еліміздің түкпір-түкпірінен дәрігерлерге толассыз рақмет айтылып жатыр. Қарағанды облысында өлім мен өмір арасында жатқан науқас жазылып, ауруханадан шыққан бойда ақ халатты абзал жандарға құрметін көрсетті. Ал Алматыда модульді госпитальге келіп өз қалауымен санитар болып жұмысқа тұрған жігіт қошеметке ие болып отыр. Ол ауруханада ән айтып жүріп, науқастардың тәні ғана емес, жаны да емделуіне сеп болған.

Тілші: Айбек Ыбраев үшін бүгін – қуанышты күн. Коронавируспен бір айғы күресте жеңіске жетті. Балқаш қалалық ауруханасына түскен кезде оның өкпесі 90 процентке қабынып кеткен екен. 40 жастағы азаматты аман алып қалу үшін ақ халаттылар барын салған.

«Жағдайы өте ауыр болды. Өз еркімен тыныс ала алмады. Covid-19-ды емдеу протоколына сай , бірден реанимациялық шаралар қолдандық. Ұзақ уақыт ем қабылдап, бүгін емделіп шықты»,- Гүлдана Бегалина, провизорлық орталықтың емдеуші дәрігері

«Қиыншылықты көп көрдім, қасымда отырған адамдардың көз алдымда кеткенін көрдім. Басында ойлаған жоқпын бұл дерттің барына. Маскасыз жүре бердім ғой»,- Айбек Ыбраев, Балқаш қаласының тұрғыны

Тілші: Әлеуметтік желілерде әр өңірдің тұрғындары осындай бейне-алғыстарын жариялап жатыр. Теріскейлік әже Петропавлдың бірінші қалалық ауруханасының ұжымына, ал Алматылық азамат орталық қалалық клиникалық аурухананың медқызметкерлеріне рақметін айтуда.

Тілші: Ал мына бейнедегі жігіт пандемияға дейінгі өмірде ивент-агенттікте жұмыс істеп, той-томалақта ән айтқан екен. Табысынан айрылғанымен, адамгершілігін жоғалтпаған.

Бахытбек Әмірхан Алматыдағы жаңадан салынған модульді инфекциялық госпитальге өз қалауымен санитар болып орналасқан. Осылайша, еден жуып жүріп, науқастардың жанын емдеп жүр. Ауруханадағылар оны «Димаш» деп атап кеткен.

«Арнайы киімде бастан-аяқ жабық, түрі көрінбесе де, оның көздерінен мейірім сезілетін. Палатаға кіргенде жағдайымызды сұрап, әрқайсымыз үшін алаңдайтын. Ауыр халде жатқанда тамақ жеуімізді өтініп, ән айтып, көңілімізді көтерді»,- Әсиям Грицык, Алматы қаласының тұрғыны

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу