Асқар Мамин отандық өнімнің қолданылуын бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин отандық өнімнің қолданылуын бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды

21.07.2020
Асқар Мамин отандық өнімнің қолданылуын бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды

Үкімет басшысы Асқар Мамин өңір әкімдіктеріне отандық тауарлардың қолданылуын бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаражатты игеру қарқынын ұлғайту қажеттігіне назар аударғанын білесіздер. Маңызды міндет – ішкі өндірісті жедел дамыту және өнеркәсіптік өзіндік қамтамасыз ету деңгейін жоғарылату арқылы бүкіл экономикаға жаңа серпін беру. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында. 

Премьер-Министр осыған байланысты бірнеше мәселеге назар аудару керектігін айтып өтті. 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шеңберінде 491,5 млрд теңгеге 2 мыңнан астам жоба мақұлданды. Импорт алмастыруға бағытталатын жобаларды ойдағыдай іске асыру үшін қазіргі рәсімдік және жүйелік тосқауылдарды жою қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржыгерлер қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірге банктердің бизнес-процестерін оңтайландыру мүмкіндігін, атап айтсақ, кредиттік өтінімдерді қарау мерзімін, құжаттар тізбесін қысқартуды және кепіл саясатын оңайлатуды қарастыруы керек. Жүйелік тосқауылдар бойынша жобалық офистің жұмысы аясында Ұлттық банкпен бірге айналым капиталын 100 пайыз қаржыландыруды кеңейту мүмкіндігі тұрғысынан жұмыс жүргізуді тапсырамын», - деді ол. 

Асқар Мамин одан бөлек «Қарапайым заттар экономикасында» жергілікті қамтудың үлесін ұлғайтуға қол жеткенін атап өтті. 

«Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары қазақстандық қамту бойынша үздік өңірлер болып отыр. Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары артта қалған. Барлық әкімдіктер, әсіресе артта қалғандар, отандық тауардың қолданылуын бақылау жұмысын күшейтіп, есептің шынайылығын қамтамасыз етуі қажет. Құрылыс саласында да осындай нәтижеге жетуіміз керек», - деді Асқар Мамин.


Хабарламаларға жазылу