«Байсерке Агро» серіктестігі өндіріске Еуропаның ең озық технологияларын енгізген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Байсерке Агро» серіктестігі өндіріске Еуропаның ең озық технологияларын енгізген

26.03.2019

Елбасының Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі айтылған еді. Себебі, 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі мен экспорт көлемі 2,5 есеге көбеюі тиіс. Аграрлық ахуалға қатысты Ұлт көшбасшысы Алматы облысындағы «Байсерке-агро» серіктестігінің серпінді істерін мысал еткен. Сондықтан, сол шаруалардың жүйелі жұмысы өзгеге үлгі екендігін де жеткізді.

Кешенді ауыл шаруашылығы қазір дамыған елдердің экономикасының негізіне айналған. Бізде де соңғы уақытта жаңа технологиялар шаруалардың еңбек өнімділігіне серпін беріп отыр. Мәселен, Елбасы айтқан Алматы облысы Іле ауданындағы «Байсерке Агро» серіктестігі өндіріске Еуропаның ең озық технологияларын енгізген. Мәселен, Италия диқандарының тамшылатып суару және минералды тыңайтқыштарды қолдану әдісін пайдаланып, өткен жылы бір гектардан 90 центнер бидай, 70 центнер арпа жинаған. Ал, жүгері алқабының бір гектарынан 18 тонна, соядан 50 тонна дақыл алған.

Рақым Оразалиев, биология ғылымдарының докторы, профессор:

Жүгеріні жердің астымен суарады. 40 метрдей жерде су құбырлары бар. Ол әдіс еі көбі 5-6 мемлекетте қолданылады.

Шаруасын өрге сүйреген серіктестіктегілер егіннен бөлек, ет пен сүт өндіру ісінде өзгелерден көш ілгері. Өйткені, кешен толықтай автоматтандырылған. Сиырға жем беру, сауу жұмыстарын роботтар атқарады. Цифрлы технологиялар тіпті сүттің құрамын сол мезетте тексеріп, жарамсыз болса, төгіп тастайды.

Абай Сағитов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Қазір керекті нәрсе ол жаңа технология. Жаңа технологиясыз біз ештеңені өзгерте алмаймыз. Осы жерде сүт зауыты да, ет зауыты да бар.

Тың технологияларды өндіріске енгізу арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға болатындығын осындай шаруа қожалықтары дәлелдеп отыр. Сондықтан, Елбасы кәсіпкерлерге шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін өзіндік оқыту жүйесін де қалыптастырған жөн екендігін айтқан.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу