«Ертіс» футбол командасының жанкүйерлері биліктен көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ертіс» футбол командасының жанкүйерлері биліктен көмек сұрайды

04.06.2020

Қаржылық қиындықтарға байланысты ел чемпионатынан шығып қалған Павлодардың «Ертіс» футбол командасының жанкүйерлері жергілікті биліктен көмек сұрайды. Еліміздің бес дүркін чемпионы соңғы жылдары қарызға белшеден батқан. Нақтырақ айтқанда, салық пен спортшылардың еңбекақысы және басқадай берешектері 3 миллиард 600 миллион теңгеге жеткен.

Аймақ әкімі бастапқы бетте жағдайды түзеуге тырысты. Аудит жасалды. Іле клубтың үш жыл бойы жинақталған 1 миллиард теңгеге жуық салық қарызы бар екендігі анықталды. Одан бөлек, менеджерлер ақшаны суша сапырған. Өздеріне көтерме сыйақы жазып, клубта жұмыс істемеген адамдарға еңбекақы төлеген.

Апта басында аймақтың спорт басшылығы «Ертіс» командасы биылғы ел чемпионатына қатыспайтының ресми мәлімдеді. Іле команда мүшелері жаттығу кезінде берілген тұрғын жайларынан шығарылды.

Бірақ ойыншылар әлі тарқаған жоқ. Күніне бір мәрте жаттығу жасап, қонақ үйде өз қаржыларына тұрып жатыр.

Клуб қаржысын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті тексеріп жатыр. Кінәлілер анықталады-дейді. Бірақ бұл жанкүйердің жасыған жігерін жібіте алар ма?

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу