Моңғолияның нөмірімен жүрген көлік жүргізушілері биліктен көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолияның нөмірімен жүрген көлік жүргізушілері биліктен көмек сұрайды

22.09.2021

«Барар жер, басар тауымыз қалған жоқ». Бұл, Моңғолиялық нөмірі бар көлік тізгіндеген 400-ге жуық автожүргізушілердің жанайқайы. Шетел нөмірлі көліктер осы айдың аяғына дейін Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан шығуы керек. Әйтпесе, көлігі тәркіленіп, қомақты айыппұл арқалайды. Жүздеген көлік иелері не себепті өз еліне қайта алмай жүр, оны тілші тарқатады.

Пандемия дәуірінде көлік қатынайтын шекарасын әлі ашпаған жер бетінде екі мемлекет болса соның бірі Моңғолия. Ресми Ұланбатыр тек әуе жолымен қатынайтын жолаушыларға ашық. Еуразиялық экономикалық комиссия шығарған шешім Қазақстанда уақытша жүрген 400-ге жуық көлік иелеріне ауыр тиіп тұр. Қыркүйектің 30-на дейін аталған көліктер еуразиялық экономикалық одақ шеңберінен шығуы шарт. Обьективті себеппен уақытша тұрақтауға мәжбүр болған қонағын қыспаққа алу дұрыс емес -дейді, жиылған жұрт.

Естай Радолда, көлік иесі:
Біздің барар жер, басар тауымыз қалмады. Шыны керек. Машиналарды шығар дейді. 30-нан кейін жүргізбейміз деп жатыр. Айыппұл саламыз, тұраққа тоғытамыз дейді. Сондықтан, Үкіметтен көмек сұраймыз.  Карантин аяқталғанша. Шекара ашылғанша жүруге рұқсат берсе. 

«Бәріне коронавирус кінәлі»-дейді, жүргізушілер. Моңғолия шекара бекеттерін 2020 жылдың ақпанында жапқан. Әлі ашқан жоқ. Шектеу осы жылдың 31-ші желтоқсанына дейін жалғасады деп ресми жариялаған да.

Нұрлан Намысов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:
ЕЭО аумағындағы барлық елге бір шешім шығарады. Ол шешімді біз өзгерте алмаймыз ғой. Осындай жағдай болыр тұр деп.  Бізге қарай жүгінетін болса өтінішімен біз ЕЭО комиссиясына жазуымызға болады. Алайда ол шешім қабылдана ма, қабылданбай ма?

Заң бәріне ортақ. Жүргізушілер шешім шығарған комиссияны да, сол шешімді орындайтын мемлекеттік органды да айыптап отырған жоқ. Алайда, «заңдық тәжірибенің өзінде форс-мажор деген түсінік бар емес пе»-дейді, олар.

Тілеубек Елтайұлы, көлік иесі:
Негізгі кірісіміз Моңғолияда қалғандықтан, мұндай үлкен кедендік салықтарды төлей алмаймыз.  Біз енді қазақпыз. Америкада басқа елде жүрсек болар еді бізді шығарып тастауға. Біз қазақпыз ғой. Сондықтан, бұған жеңіл көз-қараспен қараса екен. Әрине, ҚР шығарған әрбір заңын титтей де болса бұзбауды қалаймыз. 

Иә, көлігі шекараның бер жағында қалған жүргізушілер басына мұндай күн туады деп әсте ойламаған. Тарыққан жүргізушілер енді биліктен көмек сұрап отыр.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу