Ботақара кенті карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ботақара кенті карантинге жабылды

18.05.2020

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кенті індеттің өршуіне байланысты карантинге жабылды. Ботақара кентінде 10 адам коронавирус жұқтырған. Қазір тұрғындарға себепсіз үйден шығуға және көліктерімен жүруге тыйым салынды. Қалааралық жолаушылар тасымалы тоқтады. Осы ауданға қарасты «Нұрқазған» кенішінің 15 жұмысшысы да қауіпті дертке шалдыққан. Өңірде бүгін вирус жұқтырған тағы 18 адам анықталды. Жалпы облыста коронавируспен ауырғандар саны 250-ге жетті.  

Атырау облысында вирусқа шалдыққан науқастар саны мамыр айының соңына қарай 2 мыңнан асуы мүмкін. Шектеу шаралары сақталса, инфекция жұқтырғандар 800 адамнан аспауы керек. Өңірдің бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев осылай деп болжам жасап отыр.

Шымкент қаласында инфекция жұқтырған тағы 60 адам тіркелді. Олардың 1-і Атырау облысынан келген, 58-і вирусты жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған. Тағы біреуі ауру белгілерімен ауруханаға жатқызылған. Қазіргі науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Осымен қалада COVID-19 жұқтырғандар саны 404 жетті.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу