БҚО-да 14 медициналық қызметкерден коронавирус анықталды. Ал Маңғыстауда 3 ауыл карантинге жабылды. Ал Семейдегі бір отбасында 3 адам індетке шалдықса, оның екеуі бала.
БҚО-да демалыс күндері 40 адамнан коронавирус жұқпасы табылды. Олардың басым бөлігі Ресейден келген ел азаматтары болса, 14-і медициналық қызметкер. Өңірде барлығы 186 адамнан қатерлі індет анықталды. 31-і емделіп шықты.
Маңғыстауда Қарақия ауданына қарасты 3 ауыл карантинге жабылды. Себебі бір-біріне жақын орналасқан Сенек, Бостан және Құланды елді-мекендерінде қауіпті індетті жұқтырғандар саны 29-ға жетті. Ал Атырауда Полиция департаменті бастығының орынбасары коронавирус жұқтырып алған.
Семейде тағы үш науқас тіркелді. Бәрі отбасының мүшелері. Індетке шалдыққандар 17 және 8 жастағы балалар мен анасы. Қазір олар инфекциялық стационарға оқшауланды. Шығыс Қазақстан обылысында вирус жұқтырған тағы бір адам Тарбағатай ауданынан анықталып отыр. Жалпы облыс бойынша 29 адам індетке шалдыққан.
Ержан ЖАҚЫП