Мас күйінде көлік басқаруға жаза қатаңдатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мас күйінде көлік басқаруға жаза қатаңдатылды

09.01.2020

Жаңа жылдан бастап бірқатар жаңа заңдар күшіне енгені белгілі. Солардың бірі мас күйінде көлік басқаруға жаза қатаңдатылды. Жүгенсіз жүргізушілерді жөнге келтіруді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында тапсырған.

Қазақстанда жыл сайын ащы суға тойып алып рөлге отырған 25 мың жүргізуші анықталады. Былтыр ғана мас жүргізушлердің кесірінен болған жол апаттарынан 716 адам жарақат алып, 98і қаза тапқан.

Жаңа заңға сәйкес мас күйінде көлік басқарғандар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Екінші мәрте қайталаса қамау мерзімі 24 тәулікке ұзарып, жүргізу құқығы тағы 8 жылға шектеледі. Ал ішіп алып жол көлік оқиғасына себепкер болса 3 жылға бас бостандығынан айырылып, 10 жылға көлік басқару рұқсаты шектеледі. Егер адам өліміне себепкер болса 10 жылға бас бостандығынан және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Бұл шектеулер тек бірінші қаңтардан бастап заң бұзғандарға қолданылады.

Орташа есеппен Қазақстанда әр 5 қылмыстың біреуін ішіп алған адамдар жасайды. Оларға қолданылатын жазаның қатаңдатылуын Елордалықтар толық құптап отыр.

Біз мынаны түсінгеніміз абзал. Ережелерді сақтау заңдағы жазадан құтылу үшін ғана керек емес. Әр рөлге отырған сайын біз қасымыздағы жолаушы мен жолдағы өзге жүргіншілердің өміріне жауапкершілік аламыз. Сақ болайық!

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу