Қос тарап алыс-берісті арттырудан өзге мәдени-гуманитарлық қатынасты сапалы деңгейге көтеруге құлықты. Өткен жылы еліміздің Норвегиядағы елшілігі Қазақстанды жаңа қырынан таныту мақсатында біраз мәдени шаралар ұйымдастырған-ды. Бұл бастама биыл да өз жалғасын табады. Қос елдің өкілдері өткен жылды қорытындылап, болашаққа арналған жоспарларымен бөлісті.
Қазақстан - Норвегияның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Біздің ел Скандинавия түбегіндегі мемлекетке негізінен бидай, ауылшаруашылығы өнімдерін, түсті метал, өнеркәсіпке қажетті құрал-жабдық экспорттайды. Ал, норвегиялықтар Қазақстанға балық, пластик, химия өнеркәсібіне қажетті тауарлар мен құрал-жабдық тасымалдап отыр. Былтыр екіжақты сауда айналымы 82 млн долларды құрады. Екі елдің алып әлеуетін ескерсек, бұл теңіздегі тамшыдай. Сондықтан қос тарап та алыс-берісті арттыруға құлшынып отыр.
Қос тарап мәдени-гуманитарлық байланысты да күшейтуге ниетті. Норвегиялықтар былтыр «Ұлы дала» тобының концертін, қазақ киносын тамашалап, спорт дипломатиясында жеткен жетістіктерге куә болған-ды. Еліміздің Норвегиядағы елшілігі Скандинавия жұртшылығын қазақ мәдениетінің жауһарларымен таныстыруды биыл да жалғастырады. 2019-да Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздану жайлы «Бейбітшілік кіндігі» кітабын норвег тілінде оқыған жұрт биыл Абайдың қара сөздерінің норвегшеге аударылуын күтеді.
Нұрсұлу Қасым