Иранда генерал Касем Сүлейманиді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иранда генерал Касем Сүлейманиді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

06.01.2020

Бүгін Иранда Американың әуе шабуылынан мерт болған генерал Касем Сүлейманимен қоштасу рәсімі өтіп жатыр. Сол дрондық соққыдан кейін Тегеран 2015 жылы әлем державаларымен жасалған ядролық келісімнен біржола шығып, уранды шектеусіз байытуға кірісетінін жариялады. Осылайша, Құрама Штаттар мен Ислам Республикасы арасындағы шиеленіс үлкен әскери жанжалға ұласады деген қауіп туындап отыр.

Ислам революциясының сақшылар корпусының генералы Касем Сүлейманиді ақтық сапарға шығарып салу үшін Тегеран көшелеріне жүздеген мың адам жиналды. Сол үшін елде демалыс жарияланып, мектептер мен оқу орындары жабылды.

Иранның Таяу Шығыстағы әскери стратегі және сыртқы саясат архитекторы Сүлеймани жұма күні Бағдад әуежайының маңында Американың дронмен жасаған соққысынан мерт болды. АҚШ-қа онсыз да өкпесі қара қазандай халық марқұмға құран бағышталғаннан кейін, «Америкадан кек аламыз!» деп ұрандатты.

Иран 2015 жылы әлем державаларымен жасалған ядролық келісімнен шықты. Бұл шешімді ресми Тегеран Сүлейманидің өлтірілуімен тікелей байланыстырып отыр. Мұны осы елдің мемлекеттік телеарнасы жексенбі күні хабарлады.

Дегенмен, Ислам Республикасы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты әрі қарай жалғастырмақ. Және де ол өзіне жарияланған экономикалық санкциялар алынып тасталғанда ғана тарихи пәтуаға қайта оралуы мүмкін.

62 жастағы генерал ертең туған қаласы Керманда жерленеді. Сүлейманидің орнына оның бұрынғы орынбасары Исмаил Ғани тағайындалды.

Сүлейманидің қазасынан кейін Тегеран Құрама Штаттардан аяусыз кек алатынын жарияласа, Дональд Трамп Иранның аймақтағы 52 нысанына соққы беретінін ескертті.

Касем Сүлеймани — ирандықтар үшін ұлы батыр. Ал АҚШ президенті оны Пентагон жауынгерлерін өлтірді деп айыптап, «әлемдегі нөмірі бірінші террорист» деп атап отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу