Атырауда Жайықты кесіп өтпек болған төрт баланың бірі қаза болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда Жайықты кесіп өтпек болған төрт баланың бірі қаза болған

06.01.2020

Атырауда Жайықты кесіп өтпек болған төрт баланың бірі жан тапсырды. Қайғылы оқиға 4 қаңтар күні кешқұрым Томарлы ауылы маңында болған. Аман қалған үш жасөспірім қазір ауруханада.

Анасын айтып жан ұшыра айқайлап жатқан Ғалымның жасы он төртте. Ажалмен арпалысқан сәтте дереу полицияға хабарласып үлгерген де өзі. Сірескен мұз құрсауында қала тұра 102 нөміріне қоңырау шалуға шамасы жеткен. Көмек келгенше кесек мұзға жармасқан ағайындылар жан алысып, жан беріскен.

Ғалым Қоныспаев:

Бәрін түсіндіріп айтып шақырдық. 20 минуттай судың астында тұрып қалдық. Тірі қаламыз деп ойлаған жоқпын ары қарай.

Өкінішке орай, Жайықтың үстінен жүгіріп өтеміз деп балалық қылған төртеудің бірі жан тапсырды. Көмекке келген полицейлер Қуандық Сүйіндіков пен Тимур Балмағанбетов жасөспірімдердің тірі қалғанын ғажайыпқа балайды.

Тимур Балмағанбетов, №2 Қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:

Ол уақытта біз өзімізідің өмірімізді ойлаған жоқпыз. Біздің ойымыз балаларды құтқару болды.

Өз басын қатерге тіккен инспекторлар енді мемлекеттік марапатқа ұсынылмақ. Ал ажалдан аман қалған үш дос бірнеше күннен соң үйлеріне шығарылмақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу