Астанада «Балалар жол-көлік апаттарына қарсы!» акциясы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Балалар жол-көлік апаттарына қарсы!» акциясы өтеді

02.10.2018

Бүлдіршіндердің жол үстінде қаза болуы да, өкінішке қарай, азаймай тұр. Астанада үлкен жолды кесіп өтіп, кесірге тап болған, енді бірде ата-анасы абай болмаған үш бала мезгілсіз қайтыс болды. Жол ережесін елемей, жарақаты жанына батқаны қаншама?! Бүгін Жергілікті полиция қызметі кәмелетке толмағандарға қатысты жол-көлік оқиғасының биылғы өткен 8 айдағы қорытындысын жариялады және арнайы акция ұйымдастырды.

Әнел бас миының шайқалуы диагнозымен №2 балалар ауруханасында емделіп жатыр. Ол үш күн бұрын анасымен бірге қонаққа бармақ болып, жолға түседі. Қиылысты қиып өтпек болғанда, қатты келген көліктің соққысынан ес жия алмай, ауруханадан бір-ақ шығады. Қазір жағдайым жақсы деген Әнел біз әлі кішкентаймыз ғой, үлкен адамдар көлігін қатты жүргізбесе екен дейді.

Әнел Қуанышева, 9-сынып оқушысы:

- Мен барлық көлік жүргізушілерінен жаяу жүргіншілер жолағына келгенде абай болуды сұраймын. Балалар бар ма, жоқ па, соған мұқият назар аударса екен. Сондай-ақ, жылдамдықты шамадан тыс асырмаса, дұрыс болар еді. Қатты қорқып қалдым.

Кей жағдайға жүргізушілер кінәлі болса, көпшілік оқиғаларға ата-ана мен баланың өзі айыпты. Ата-аналардың бір тобы балаға арналған автоорындықты керек қылмаса, бірі қауіпсіздік белдігін тақпайды. Осындай қарапайым ережелерді ескермеудің кесірінен өткен 8 айда кәмелетке толмағандардың қатысуымен 70 жол-көлік оқиғасы болған. Кесірінен 3 бала қаза тапса, 67 бала дене жарақатын алған. Ең көбі, яғни 33 жеткіншек жолды белгіленбеген жерден қиып өтем деп, зардап шеккен. Басқа себептері де бар.

Айымгүл Уәлиева, ІІД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы:

- Бала жол ережесін сақтамай, жолды кесіп кетуіне байланысты немесе телефонынан бас алмай, құлақтарына құлаққап салып алып, жолдан өткен кезде де жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Көбінесе ата-аналары жолды кесіп өтіп, балаларына дұрыс емес мысал көрсетеді. Балалар оны қабылдап алып, кейін өздері жолды қиып өтіп жатады.

Апатты жағдайлардың алдын алу үшін бүгін Астананың Жергілікті полиция қызметі «Балалар жол-көлік оқиғасына қарсы!» акциясын бастады. Ол бойынша оқушылар мен ата-аналарға жол ережелері жазылған жадынама қағаздары таратылып, абай болу ескертілді. Оған қала мектептеріндегі жас жол инспекторлары атсалысып, өзінен кішілерге жаяу жүргіншілер жолағынан өту тәртібі түсіндірілді. Акция 6 қазанға дейін жалғасады.

Еліміз бойынша да жолда жүру тәртібін бұзып, опық жеген отбасы қаншама? Мәселен, өткен 8 айдың қорытысында республика көлемінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 2082 жол-көлік оқиғасы болыпты. Кесірінен 133 бала қаза тапса, 2367 жеткіншек дене жарақатын алған. Ең көп зардап жолды белгіленбеген жерден қиып өтушілерге тиесілі.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу