«Әлем барысы» турнирінде ресейлік спортшы жеңімпаз атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлем барысы» турнирінде ресейлік спортшы жеңімпаз атанды

03.12.2019

Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен «Әлем барысы» халықаралық турнирі аяқталды. Финалда Айбек Нұғымаров пен ресейлік палуан Роман Бобиков белдесті. «Күш атасын танымас» дегендей, боз кілемде Роман Бобиков жерлесімізді жеңіп, «Әлем барысы» атанды. Ал Айбек Нұғымаров күміс белбеуді иеленді.

Қазақ күресінің ауқымы кеңейіп келеді. Себебі ең алғаш рет өткен турнирде кубалық Брайсон көпшілікті таңғалдырып, «Әлем барысы» атанған еді. Бұдан кейін палуанымыз Айбек Нұғымаровқа екі жыл қатарынан тең келген қарсылас болмады. Алайда, бұл жолы кіл мықтылармен бір топқа түскен спортшымыз финалға дейін біраз қара терге түсті. Финалда ол ресейлік палуан Роман Бобиковтан жеңілді.

Бұл жолы ел намысын 4 палуан қорғады. Бірақ Нұрдәулет Жарылғапов пен Руслан Әбдіразақ бірінші айналымнан аса алмады. Ал Мақсат Исағабыл бұл турнирде қола белбеуді иеленді.

Әлем барысының жеңімпазы атанған ресейлік палуан 10 миллион теңге алды. Ал 2 орын иегері Айбек Нұғымаровқа 6 миллион теңгенің сертификаты берілсе, 3 орынға ие болған Мақсат Исағұловқа 3 миллион теңге бұйырды. Айта кетейік, Роман Бобиков былтыр үшінші орын үшін белдескен грузин палуаны Гурам Тушишвили боз кілемге шықпағандықтан, қола белбеуді місе тұтқан.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ


Хабарламаларға жазылу