«Жұмыс берушіге жалақыны уақытылы төлемеу тиімсіз болуы тиіс». Бүгін Үкімет отырысында Асқар Мамин осындай тапсырма берді. Барлық облыс басшылары қатысқан жиында берешегі бар кәсіпорындардың мәселесі қаралды. Жыл басынан бері жалақы берешегіне жол берген кәсіпорын басшыларына 136 миллион теңге айыппұл салынған. Осы орайда еңбек қатынастарын реттейтін комиисия құрылды. Бұдан бөлек, елімізге келіп жұмыс істейтін шетелдіктерге берілетін квота мөлшерін екі есе кеміту көзделген. Сондай-ақ, Үкімет басшысы жыл соңына дейін интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына көшуді аяқтауды тапсырды. «Электронды үкімет» порталында мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында ақаулар болған. Биыл мемлекеттік органдардың жүйелері 130 рет істен шыққан. Ондай жағдайлардың басым бөлігі ІІМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, Құқықтық статистика комитетінде кездескен.
Ғабит БӨКЕБАЙ