Рио Олимпиадасының чемпионы атанған қазақстандық спортшылар сыйақыны жаңа бағаммен алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рио Олимпиадасының чемпионы атанған қазақстандық спортшылар сыйақыны жаңа бағаммен алады

27.01.2016
Рио Олимпиадасының чемпионы атанған қазақстандық спортшылар сыйақыны жаңа бағаммен алады

Биыл Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы Олимпиадада чемпион атанған және жүлдегер атанған отандық спортшылардың сыйақысы осыдан төрт жыл бұрынғы Лондон Олимпиядасының сомасымен бірдей болады. Атап айтқанда, Үкіметтің 2014 жылдың 19 желтоқсанындағы №1345 Қаулысына сай алтын медаль алған спортшыларға мемлекет тарапынан 250 мың АҚШ доллары беріледі. Сондай-ақ, күміс медаль үшін – 150 мың, ал қола жүлдеге 75 мың доллардан тағайындалған.

Сонымен қатар, үздік алтылыққа енген спортшыларға да сыйақы берілмек. Яғни, 4-орынға – 30 мың, 5-орынға – 10 мың және 6-орынға 5 мың доллардан беріледі. Одан бөлек, спортшылардың жеке жаттықтырушыларына да осындай көлемде сыйақы қарастырылған.

Барлық сыйақы доллардың қазіргі курсы бойынша теңгемен беріледі. Бұл биылғы Олимпиадаға қатысушылар сыйақыны төрт жыл бұрынғы додада топ жарған спортшылардан екі жарым есеге көп алады деген сөз.

Бүгінде Ұлттық банктегі бір доллардың теңгеге шаққандағы бағасы 380-ге тең. Соған орай, биыл Олимпиада чемпионы атанған қазақстандық спортшы 95 миллион теңге алады. Ал, Лондон Олимпиадасы өткен 2012 жылдың тамыз айында бір доллардың бағасы 149 теңге болып, «алтын» алғандарға 37 миллион 250 мың теңгеден берілген еді.

Хабарламаларға жазылу