Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Сараптамалық кеңестің «Қазақстан Республикасының көші-қон және демография саясаты» тақырыбына арналған отырысы өтті.
Отырысқа Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің және орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Шара барысында сыртқы және ішкі көші-қон, демографиялық саясат Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды факторлары екендігі атап өтілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қатысушылар Қазақстанның көші-қон және демография саясатын қалыптастыру мен оны іске асырудың тиімділігін арттыруға ғылыми, сараптамалық қолдау көрсету мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Мемлекетіміздің экономикалық дамуын ескере отырып, сыртқы еңбек көші-қонын реттеу, ішкі көші-қонды оңтайландыру жөнінде арнайы ұсыныстар енгізілді.
Жұмыс қорытындысы бойынша Сараптамалық кеңес тарапынан Қауіпсіздік Кеңесі мен мемлекеттік органдар жұмысында пайдаланылатын нақты ұсыныстар берілді.