Басты Жаңалықтар Республика күні барлық өңірде аталып өтуде

Республика күні барлық өңірде аталып өтуде

Республика күніне орай Шығыс Қазақстан облысында 1 ай көлемінде жүзден аса шара ұйымдастырылды. Әр аудан мен қала түрлі жәрмеңке мен көрмелер өткізді. Ал өнер ұйымдары мерекелік бағдарлама әзірлесе кітапхана мен музейлер «Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында кездесулер дайындады. Ал дәл қазір еліміздің әр өңірінде ұлық мерекені ұлықтауға арналған салтанатты шаралардың қалай өтіп жатқанын жеткізуге аймақтағы әріптестеріміз дайын тұр. Әуелгі кезек шығыста. Олжас халықтың мерекелік көңіл-күйі қалай?

Олжас Керейхан:

Әрине ел жұрттың көңілі көтеріңкі. Дәл қазір біз тұрған орталық «Ертіс концерт» сарайында салтанатты шара өтіп жатыр. Яғни елдің ұлық мерекесін ұлықтау үшін ұйымдастырылған шарада облыстың барлық салада жеткен жетістіктері сараланбақ. Өндірісті өңірде өнімді істер тындырылып жатыр. Тек биылдың өзінде 1 триллион теңгенің инвеститциясы тартылған. Ал қыркүйек айында өткен «Altay Invest-2025» халықаралық форумында 740 миллирад теңгенің қырықтан  астам инвестициялық жобасына қол қойылды. Сондықтан елдің дамуына ерекше еңбек сіңірген азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды. Олардың қатарында қарапайым жұмысшыдан бастап аудан тізгінін ұстап отырған  мемлекеттік қызметшілер де бар. Жалпы өңірде республика күніне орай әртүрлі шара өткізіліп жатыр. Ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымының көрме жәрмеңкесі мен түрлі концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ең негізгі мереке ертең Өскеменнің орталығындағы Абай алаңында өтеді. Міне шығыстағы ел жұрттың көңіл күй осындай. Ал айтулы мерекені Сыр елі қалай атап өтіп жатқанын сол  өңірдегі әріптесім Әділбек Серікұлынан білеміз, Әділбек?

Әділбек Серікұлы, тілші:

Рақмет Олжеке! Сыр өңірінде қос той қабат келіп, егемендігіміздің бастауы болған Республика күнімен бірге Қызылорданың астана болғанына 100 жылдық мерейтойы қатар тойланып жатыр. Аймақта биыл ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп-ақ. Диқандар алтын күзде 470 мың тонна күріш дақылын қамбаға құйып, мол өнім жинады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, өзекті мәселелер шешімін тапты. Биыл ауыз су жүйесіне өңір халқы 100 пайыз қосылды. Ал халықтың 83 пайызы бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Білім саласында Ұлттық жоба аясында салынған 10 «Келешек мектеп» ел игілігіне берілді. Президент бастамасымен Қызылорданың сол жағалауынан халықаралық талаптарға сай 11 мың орындық заманауи стадион бой көтерді. Міне, айшықты мерекеге осындай толағай табыспен жеткен Сыр халқы Өнер орталығында Республика күнін сән-салтанатымен тойлап, салтанатты шарада сан-салада еңбек етіп, ел дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтар мемлекеттік наградалар мен түрлі марапаттарға ие болды. Ал мұнайлы өлке Атырауда қандай игі істер туралы әріптесім Нұрсұлтан жалғасын, Нұрсұлтан?     

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Иә Әділбек, республика күні біздің өңірде де ерекше тойланып жатыр. Мереке аясында 70-ке тарта іс-шара жоспарланған. Қазір Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында «Отаным – бақыт ордасы» атты салтанатты шара өтіп жатыр. Онда өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан жұмысшы мамандықтарының және әлеуметтік саланың 50 маманы «Құрмет» және 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі» үшін медальдарымен марапатталды. Салтанатты шарадан бөлек Республика күні аясында өңірде 9 жаңа әлеуметтік және білім беру нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ қоғамдық көліктер де тегін қатынап жатыр. Ал сауда орындарында бүгін ертең ауқымды 30-50-70 пайызға дейінгі жеңілдіктермен акция ұйымдастырылуда. Республика күні – бірлігіміздің, болашағымыздың айғағы. Ал біз егемен еліміздің көк байрағы бейбіт аспанымызда мәңгі желбіреп, мерейі әрдайым үстем болғай! - деген тілекпен сөзді астаналық әріптестерімізге жолдаймыз.


Бөлісу