Басты Жаңалықтар Түмен қазақтары Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Түмен қазақтары Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Ресейдің Түмен облысында 20 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Жергілікті қазақтар Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, бақ-береке тіледі. «Шетте жүрсек те, ана тілін ұмытпай, дәстүрді сақтау міндетіміз», - дейді олар.

Түмен облысындағы қандастар түрлі салада жетістікке жетіп, кәсіптерін өрге домалатып отыр. Тарихи Отанымен байланысты үзген емес. Өңірде біраз уақыттан бері қазақ тілі сабағы тегін оқытылады. Өйткені ана тілін үйренем деген жастар көп. Одан бөлек, ересектер де тіл үйренуге ынталы. Мамандар осы жолы сабақта Қазақстандағы Республика күнінің маңыздылығы туралы айтты.

Гүбайра Абайқызы, қазақ тілінің мұғалімі:

Құрметті Қазақстан тұрғындары, құрметті қазақстандықтар! Сіздерді Республика күнімен құттықтаймын. Сіздерге тілейтінім зор денсаулық, бақ-дәулет. Қазақстанымыз одан әрі өсіп, өніп өрлей берсін. Ресей мен Қазақстанның арасындағы достығымыз мәңгілік болсын.

Республика күніне орай жергілікті қазақтар домбыра үйірмелерінің де санын көбейтті. Басты мақсат – қазақи дәстүрге сүйіспеншілікті арттыру, ұлттық өнерді ұлықтау.

Есенғали Ыбыраев, Ресей қазақтарының федералды ұлттық мәдени қауымдастығының төрағасы:

Барлық қазақстандықтары Республика күнімен құттықтаймын! Көпұлтты Қазақстан халқы үнемі татулық пен бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Ал Қазақстанның жетістіктері екі елдің әріптестігіне де оң әсерін тигізуде. Қазақстан мен Ресей тату көрші, стратегиялық әріптес. Сондықтан біз бұл мерекемен құттықтай отырып, толағай табыс тілейміз.

Республика күнімен Ресейдің өзге өңірлеріндегі қандастар да құттықтап, жылы лебіздерін білдіруде. Жалпы, іргелес елде 600 мыңға жуық қазақ тұрады.


Бөлісу