Нью-Йоркте Республика күніне орай Қазақстан туы көтерілді
Республика күні қарсаңында Нью-Йоркте қазақ туы көтерілді. Қазақстан мен Нью-Йорктің мәдени байланысын арттыру бағытында шаһар мэрі Қазақстан мұрасын дәріптеу күнін жариялған еді. Соның арқасында Манхэттенде үш жылдан бері арнайы мерекелік шара өтіп келеді.
Осылайша кезекті рет Нью-Йорктың басты тарихи алаңында еліміздің әнұраны шырқалып, туымыз желбіреді. Салтанатты сәтті көру үшін шаһардағы қазақтармен қоса қала мэрінің басшылары да келді.
Чарьл Даймонд, Нью-Йорк қаласы мэриясының халықаралық қатынастар бойынша консулы:
Бұл шара біз үшін де аса маңызды. Дәл осы тарихи саябақ алаңында революция кезінде АҚШ туы да алғаш рет желбіреген. Міне, биыл үшінші жыл қатарынан Қазақстанның көк туын да көтеріп жатырмыз. Қаламыз бен Қазақстанның тығыз байланысын ғана емес, Нью-Йоркте тұрып жатқан қазақтардың да мәртебесін де ұлықтап отырмыз. Шаһарымыз Қазақстаннан шыққан өнерпаздар мен спортшылардың, мықты азаматтардың еңбегіне, жемісті жолына куә.
Мерекелік шара қазақтың ән күйімен жалғасты. Карнеги холда өнер көрсеткен Гүлзар Габман халық әндерін шырқаса, қазақтың қара домбырасын америкалықтарға насихаттап үйретіп жүрген Джефф Герш «Ерке сылқым» мен «Адай» күйін шертті.
Джефф Герш, музыкант:
Осы күйлерді ойнап отырғанда сайын далада шауып бара жатқан сәйгүліктер көз алдыма келеді. Құдды бір Қазақстанға тап бола қалғандай әсер аламын. Және осы орайды пайдаланып өздеріңізді Республика күнімен құттықтаймын. Домбыраны ойнау, сіздердің қолдауларыңызды сезіну мен үшін үлкен құрмет!
Осылай әлемдік қаржы орталығының басты алаңында үш жылдан бері Қазақстан мұрасы дәріптеліп келеді. Бұл осы елде жүрген қандастарымыздың рухын көтеріп, америкалықтар мен қала қонақтарының елімізді тануына да елеулі септігін тигізіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы