Басты Жаңалықтар Солтүстікте «Серпін» бойынша оқыған жастардың 14%-ы ғана тұрақтап қалған

Солтүстікте «Серпін» бойынша оқыған жастардың 14%-ы ғана тұрақтап қалған

Ақмола облысында «Серпін» бағдарламасымен білім алатын студенттердің тек 14 пайызы өңірде қалып еңбек етеді. Десе де, техникалық мамандарға деген кадр тапшылығын шешу үшін биыл тағы 10 колледж студенттерді оқыта бастады. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған жастар сол өңірде неге тұрақтамайды? 

Қызылордалық Жайна Минажова «Серпін» бағдарламасының 2022 жылғы түлегі. Тобындағы 22 студенттен тек бір өзі ғана тегін алған білімінің ақысын өтеу үшін Көкшетауда қалды. Қазір ол колледжде химия және биология пәндерінен сабақ береді.

Жайна Минажова, колледж оқытушысы:

Жалғыз мен қалдым. Қалған группаластарым өз өңіріне кетті. Бір бала қалды. Ол Астанада жұмыс істеп жатыр. Қалған студенттер өз өңіріне кетті.

«Серпін» бағдарламасы бастау алған 20 жылда оңтүстіктің бес өңірінен төрт мыңнан астам бала оқыған. Алайда оның тек 2323-і ғана қолдарына диплом алды. Ал сол дипломының ақысын өтеу үшін Ақмола облысында тек 14 пайызы қалды, бұл дегеніміз 300-ден астам түлек.

Ардақ Қапышев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры:

Енді оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік жағдайларды жақсарту үшін 2024 жылы біздің университет негізінде Ақмола облысында жобалық кеңсе ашылған. Облыс әкімінің орынбасары басқарады. Ол қандай себептен, оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік жағдай жасау.

Жобалық кеңсе ашылған соң түлектердің солтүстікте қалып, жұмыс істеуге деген құлшынысы артты. Былтыр оқуын тәмамдаған қызылордалық Қарлығаш Әбілдә өзі қатарлас 18 студентпен бірге осы өңірде қалды. Қалғаны рұқсат берілген өңірлерге жұмысқа орналасқан.

Қарлығаш Әбілдә, «Серпін» бағдарламасының түлегі:

Қазірде көп студент грант өтеуден қашады. Керісінше, мен айтар едім - бұл мүмкіндік. Бұл жерде сізге көмектеседі - қандай вакансия, мамандық бойынша қай жерде жұмыс істеуге болады. Жалпы, сол үшін Көкшетау өңірінде қалғым келеді. Алға қойған мақсатым - мемлекет алдындағы грантты өтеу. Енді 10 айдай қалды.

Ақмола облысында биыл «Серпін» бағдарламасымен 400-ден астам студент білім алып жатыр. Оның 150-і колледждерде 28 мамандық бойынша білім алуда. Алдағы уақытта «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында оны «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен біріктіру көзделген.


Бөлісу