Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысы халқының 99,2 пайызы ауыз сумен қамтылған

Ақтөбе облысы халқының 99,2 пайызы ауыз сумен қамтылған

Ақтөбе облысы халқының 99 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Қазір 10 елді мекенге су құбыры тартылып жатыр. Ал 18 ауыл санитарлық нормаларға сай келетін су ұғымаларын пайдаланады. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталады.

Көктоғай ауылының тұрғындары таза ауыз суды көптен күтті. Елді мекенге су құбыры үш жыл бұрын тартыла бастаған еді. Мердігер мекеменің жауапсыздығынан бұл жұмыс жарты жолдан тоқтап қалып, биыл қайта жанданды. Қазір таза ауыз су мұндағы әр үйге келіп тұр.

Раиса Болотских, Көктоғай ауылының тұрғыны:

Өте қуаныштымыз. Әсіресе, мен секілді қарт кісілер үшін судың үйге келіп тұрғаны өте маңызды. Бұрынғыдай алыстан тасып, қиналмаймыз.

Су құбыры Көктоғайдан бөлек Тікқайың ауылына да тартылды. Жоба құны 1 млрд теңгеден асады. Әр елді мекенге он шақырымнан астам құбыр тартылды. Нәтижесінде, аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.

Асланбек Шүйінішалин, Алға ауданының әкімі:

26 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен, ал төрт елді мекен, халық саны 50 адамнан кіші, КБМ дейді, арнайы қойылған, фильтрленген арнайы нысаннан суды алып отыр.

Келесі жылы Алға қаласы мен Бестамақ ауылында жаз мезгіліндегі су тапшылығын жою мақсатында қосымша құрылыстар салынады. Қазір облыс бойынша он ауылда су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Жеңісбек Төреғалиев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:

Осы жобалар аяқталған жағдайда бізде 301 елді мекен сумен жабдықталады. Немесе халық саны бойынша 99,9 пайызға жетеміз деген жоспар бар.

Облыстағы он екі ауданның алтауының халқы таза ауыз суға қол жеткізіп үлгерді. Қалған елді мекендердегі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.


Бөлісу