Президент «Нұра» ауданындағы Greenline бульварын аралап көрді
Бұдан соң, Мемлекет басшысы Астананың «Нұра» ауданында орналасқан Greenline бульварын аралап көрді. Аумағы 3,8 гектар болатын нысандағы жұмыстың бірінші кезеңі аяқталған. Мұнда жаяу жүргіншілерге және велосипедшілерге арналған жолдар, сәулеттік қалыптар және жасанды тоғандар бар. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің ақпарынша, елордада қазір 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылып жатыр. Бұл жұмыстар Ботаникалық бақта, Триатлон паркінде, Ататүрік, Бейбітшілік және келісім, Президент саябақтары мен қаланың негізгі көшелерінде жүргізілуде. Сонымен қатар «Мыңжылдық» аллеясын абаттандырудың тұжырымдамасы жасалған. Есіл өзенінің жағалауын реконструкциялау шаралары аяқталуға жақын. Қасым-Жомарт Тоқаев, қала инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы, экологиялық тұрғыдан таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысын жеделдетуді тапсырды. Президент қаланы көгалдандыру – ортақ міндет. Бұл жұмыстарды орталық көшелерде, көзге түсетін орындарда ғана жүргізумен шектелуге болмайды деді. Сондай-ақ елордада оң өзгерістер бар екеніне тоқталып, алдымызда көп жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Вандализмге жол беруге болмайтынына да, ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Вандализм бар ма?
Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
Вандализм деректері тіркеліп жатады. Бірақ аз. Полицейлермен бірігіп тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Вандализмді қабылдауға болмайды, бұзақыларды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
