Шоқан Уәлихановтың туғанына – 190 жыл
Шоқан Уәлихановқа қатысты мұраға тағы бір жәдігер қосылды. «Алтынемел» музейі жиһанкез ғалымның жары Айсара Төреқызының еш жерде жарияланбаған портретімен толықты. Бүгін Жетісу облысында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға елімізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан және Англиядан келген шоқантанушы ғалымдар да қатысты. Басқосуда Мұхаммед Қанафия Шыңғысұлының өмірі мен мұрасына қатысты тың деректер айтылды.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Қысқа ғұмырында шартарапты шарлап, ғасырлық еңбек қалдырған ұлт зиялысының жеке өмірі шетелдік ғалымдарды да қызықтырмай қоймады. Бұл сөзіме дәлел британдық әріптесім англиялық шоқантанушы Ник Филдинг. Ол бұл шараға Шоқанның музейіне жары Айсара Көшен Төреқызының картинасы қойылады дегенді естіп арнайы келген.
Ник Филдинг, журналист, шоқантанушы:
Шоқан Уәлихановты зерттеп танығаныма 5 жыл болды. Ол Еуропада аса танымал емес. Бірақ менің ойымша, уақыт өте оны танығысы келетіндердің саны артады. Көп адам Шоқанды біліп, оның Орталық Азияның тарихын, қыр-сырын жақсы меңгергенін түсіне бастайды.
Ник Филдинг - бұрын Қазақстанға бірнеше рет сапар шеккен белгілі жазушы әрі журналист. Ол ғылыми конференцияда өзінің «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері» атты кітабын ағылшын тілінде таныстырды. Ал қырғызстандық тарих ғылымдарының докторы Чолпон Турдалиева Шоқан зерттеулерінің әлемдік гуманитарлық ғылымды дамытудағы үлесі туралы өз кітабында жазған.
Чолпон Турдалиева, тарих ғылымдарының докторы:
Мен кандидаттық дисертациямды Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне арнадым. Қырғыздар туралы жақсы мәліметтерді қалдырған. 100-ден артық қырғыз руларын жазып кеткен. Менің жақында кітабым қазақ тіліне аударылды. Біз ол туралы мұраны көбейтуіміз керек.
Айсара Көшен Төреқызы - Тезек төренің немере қарындасы. Шоқан Уәлихановтың жары. Оның музейге қойылған портреті тарихи деректер негізінде бейнеленген. Туынды белгілі публицист Азамат Ақылбековтің ғылыми еңбегінің арқасында дүниеге келіпті. Конференцияда осы және өзге де деректер жайлы кеңінен айтылды.
Бағдат Ақылбеков, Жетісу облысы әкімі аппаратының құжаттамамен қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы:
Атақты ғалым Александр Генис, Гутковский сияқты кісілер Шоқанның жары Айсара апамызды сипаттап жазған жазбалары қалған. Одан бөлек қазақ ғалымдарының жазбалары бар. Оны Азамат Ақылбеков жинақтап кәсіби суретшілерге берді.
Биыл Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» музейіне 40 жыл толып отыр. 2023 жылдың 26 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жетісу өңіріне сапарында Шоқан Уәлихановтың бейітіне зиярат етті. Президент этнограф жайлы жазылған деректердің барлығын оқып шыққанын айтып, музейдегі жәдігерлердің қатарын әлі де толықтыру керектігі туралы тапсырма берген еді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
