Басты Жаңалықтар Қазақстан құрама командасы 6 алтын медаль иеленді

Қазақстан құрама командасы 6 алтын медаль иеленді

Ақтауда TurkicSkills-2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті. 3 күн бойы түркі елдерінің кәсіби шеберлерін бір арнада тоғыстырған шарада үздіктер марапатталып, колледждер арасында 100 ге жуық меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, аталған чемпионат Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, елімізде алғаш рет ұйымдастырылды. 

Халықаралық шарада Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан, Мажарстан мен Қазақстанда жұмысшы мамандықтарында оқитын 70 студент бақтарын сынады. Олар дәнекерлеу, электрмонтаж, IT-шешімдер сияқты аталымдар бойынша арнайы тапсырмаларды орындап жарысты. Нәтижесінде, Мажарстан 3 алтын, Түркия 1 алтын, Қырғызстан 1 алтын ал, Қазақстан 6 алтын иеленді.

Эльдар Омушев, аспаз, алтын медаль иегері (Қырғызстан):

Қатты қобалжып тұрмын. Қуаныштымын. Еңбегіміз бағаланып, жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Жарысқа алдын-ала дайындықпен келгенбіз. Үш күнде 6 түрлі тағам әзірледік. Қарсыластарым да мықты болды. Бәрі өз елінің үздіктері ғой. Тағы бір айтарым, чемпионат өте жоғары деңгейде өтті.

Арлан Талғат, алтын медаль иегері (Қазақстан):

Жарыс өте оңай деп оңай болған жоқ. Біздерде 3 этажды лифтінің функциясын жасау керек болды. Монтажын құрастыру, одан кейін прододтарын өзін жинап. Қазақстан еліме бірінші орын алып бергім келді. Өзімнің еңбегімді дәлелдеп, өзімді жақсы жерінен көрсетіп, бірінші орынды алтынымды алдым. 

Қазақстан құрамасы жарыста айрықша нәтиже көрсетті. 6 алтын, 2 күміс, 1 «Үздік медальон» жеңіп алды. Бұл - елдегі кәсіптік білім деңгейінің көрсеткіші. Сонымен қатар, халықаралық чемпионаттарға қатысып жүрген ел жастарының тәжірибесінің арқасы. 

Әсел Рақымжан, шараны ұйымдастырушы:

Жалпы елдердің бұл қозғалысқа деген қызығушылығы арта түсті. Сонымен қатар, дайындығы өте жақсы. Балалар арасында бұл жерде тек қана жарыс сайыс қана емес сонымен қатар, достықтары арта түсті және жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығы одан әрі арта түсті деп айта кеткім келеді.

Чемпионатқа 5000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында студенттер мен педагогтар, колледж директорлары, жұмыс берушілер және сарапшылар болды. Шара өңір мен ел жастары үшін кәсіби байланыстар орнатуға және жаңа идеялармен алмасуға зор мүмкіндік берді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Чемпионаттың нәтижесінде түркі тілдес мемлекеттердің колледждері арасында 100 ге жуық меморандумға қол қойылды. Оның аясында алда жұмысшы мамандарын оқытуда бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек, білім мен бауырластықты ту еткен чемпионат келесі жылы Өзбекстан елінде өтетін болды.

Бөлісу