Басты Жаңалықтар Отандық дәрі өндірісін 50%-ға арттыру көзделген

Отандық дәрі өндірісін 50%-ға арттыру көзделген

Еліміздің фармацевтика нарығы импортқа тәуелді. Дәрі-дәрмектің 85 пайызы шетелден келеді. Ал одан келер қауіп қандай? Отандық өндірістің өркендеуіне не кедергі?

Ернұр Медет, тілші:

Үндістан, Германия, АҚШ, Швейцария, Венгрия, Түркия. Иә, қазір еліміздегі дәрі-дәрмектер негізінен осы елдерден тасымалданады. Бағасы әр жолы өзгереді, себебі валюта бағамы мен ұзақ жол әсер етеді. Сарапшылардың пікірінше, ең қауіптісі кез келген геосаяси өзгеріс немесе логистикалық үзіліс елдегі дәріханаларды бос қалдыруы мүмкін.

Бұл тәуелділік карантин кезінде айқын сезілді. Көпшілік өзгесін айтпағанда қызу түсіретін таблетканы таба алмай әбігерге түсті.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Пандемияда әбден аузымыз күйді ғой. Қарапайым бинттен бастап маскаға дейін шетелден алып келуге мәжбүр болдық.

Мәселен, былтыр импорттық препараттардың орташа құны 12 пайызға өскен. Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы елдің қатарында болғанын ескерсек, дәрі өндіруге әл-дәрменіміз жетпейді емес, жетеді. Елде препараттарды шығаратын 43 зауыт бар. Үлкен кәсіпорындардың бірі Шымкентте орналасқан.

Адам Алексеюк, компания бас директоры:

Біз дәрі-дәрмектерді қолдану мақсатына және емдейтін ауру түріне қарай 12 фармакотерапиялық топта жұмыс істейміз. Негізінен кардиологиялық және неврологиялық бағыттардағы препараттарды және ауырсынуды басатын антибиотиктерді өндіреміз. Зерттеу орталығымыз да бар. Енді алдағы уақытта тұрғындар арасында кең таралған диабетке қарсы да өнімдерді шығаруды жоспарлап отырмыз.

Мәселенің түбі тек ғылымда емес. Ірі дистрибьюторлар мен делдалдар шетелдік өнімдерден жоғары табыс табады. Сондықтан олар отандық өндірушілерге нарыққа шығуға мүмкіндік бермей отыр дейді сарапшы Талғат Омаров. Мысалы, отандық дәрі 100 теңге тұрса, 20% пайыз үстемемен 20 теңге ғана кіріс түседі. Ал дәл сол капсула шетелден 1000 теңгеге келсе, қосылған 20 процентпен 200 теңге пайда көреді. Яғни, баға неғұрлым қымбат болса, соғұрлым ортадағы делдалдың ақшасы көбейеді.

Талғат Омаров, Қазақстан тәуелсіз дәріханалар иелері қауымдастығының басшысы:

Делдалдардың ішінде үлкен бәсекелестік жоқ. Алпауыт 5-6 компания бар.

Биыл мемлекеттік ауруханаларды медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 518,8 миллиард теңге бөлінген. Қаржының небәрі 15 пайызы ғана ішкі нарыққа тиесілі. Енді салаға жауаптылар осы олқылықтың орнын толтыруды қолға алып жатыр. 2029 жылға қарай отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым өндірісін 50%-ға дейін арттыру көзделген.

Фатима Смағұлова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтика өнеркәсібін дамыту басқармасының басшысы:

Еліміздегі дәрі-дәрмектің 85 пайызы шетелден келеді. Сол үшін қазір біз отандық өндірушілерге әртүрлі  қолдау көрсетіп жатырмыз. Мысалы, тендерге қатысқан жалғыз үміткер Қазақстанның тауар өндірушісі болса, ол жеңімпаз деп танылады. Сонымен қатар Алматы, Шымкент, Қарағанды, Түркістан облыстары сияқты өңірлерде биофармацевтикалық кешендер мен өндіріс орындары бой көтеріп жатыр.

Жалпы, фармацевтика саласын дамыту бұл – экономикалық иммунитеттің көрсеткіші. Әр жыл сайын шекара асып кететін миллиардтар ішкі өндірісті күшейтуге жұмсалса, одан отандық нарық та, халықта ұтар еді дейді мамандар.


Бөлісу