«TurkicSkills-2025» кәсіби шеберлік халықаралық чемпионаты өтуде
Ақтауда «TurkicSkills-2025» халықаралық чемпионаты аясындағы жарыс басталды. Түркітілдес 6 мемлекеттен келген 70-ке жуық студент арнайы тапсырмаларды орындап жатыр. Шетелдік және халықаралық деңгейдегі 90 сарапшы олардың жұмыстарына баға беріп, үздіктерді анықтайды.
Дәнекерлеу технологиялары, электрмонтаж жұмыстары,
IT-шешімдер, веб-технологиялар, графикалық дизайн, аспаздық іс сияқты 10
құзыреттілік бойынша жарыс бір мезгілде басталды. Студенттер әркім өз бағыты
бойынша арнайы тапсырмаларды орындауға кірісті. Қазақстан құрама командасы
барлық құзыреттілік бойынша бақ сынауда.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Дәнекерлеу ісі құзыреттілігі бойынша 5 мемлекеттің студенттері қатысып жатыр. Олар темірлерді жалғаудың түрлі әдістерін көрсетуі тиіс. Мінеке алғашқы үлгілері дайын. Қатысушылар алда әлі 3 түрлі күрделі тапсырма орындайды.
Әзербайжан студенттері 4 мамандық бойынша шеберліктерін көрсетуде. Ал Түркия елінен келген қатысушылар сантехника және жылу жүйесінен басқа құзыреттіліктің бәріне қатысып жатыр.
Эмил Хусейнов, жарысқа қатысушы:
Чемпионаттың мақсаты - түркітілдес мемлекетердің жастарын біріктіру. Осы жерде өзіме жаңа достар таптым. Web технология саласында бір-бірімізбен тәжірибе алмасып жатырмыз.
Исмайл Эмре:
Бізге мұнай компаниясының жұмысын цифрландыруға арналған мобильді қосымша әзірлеуді тапсырды. Ол үшін автокөліктерге көрсетілетін сервистік қызметтің базасын жасап жатырмыз. Оған бүкіл мәліметтер енгізетін болады. Бүгін алғашқы модульді аяқтадық.
«TurkicSkills» чемпионаты - Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаннан кейін қолға алынған. Бұл - түркітілдес мемлекеттердің жастарын бір арнаға тоғыстырып, тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырылды.
Гүлмира Ошақбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басқарма басшысы:
Біз де рұқсат алып WorldSkills қозғалысынан түркітілдес елдер арасында осы қозғалысты дамытқымыз келеді. Бұл бірінші рет Қазақстанда өтіп отыр. Мұның бәрі бекер емес, яғни халықаралық стандартқа сәйкес өзіміздің еңбек нарығымызға кадрлар шығарып отырмыз. Бұл өте керемет. Біздің оқу орындардың барлығы сол стандартты білім беру бағдарламасын әзірлегенде соны негізге алады.
Жарыс 3 күнге жалғасады. Осы уақытта қатысушылар
тапсырмалар орындап, аяқтаулары тиіс. Чемпионат аясында оқытушылар мен колледж
басшыларына арналған семинарлар мен тренингтер өтіп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
