Басты Жаңалықтар Астанада «Kasipodaq Run-2025» жарысына мың адам қатысты

Астанада «Kasipodaq Run-2025» жарысына мың адам қатысты


Астанада «Kasipodaq Run» атты ынтымақтастық жүгіру жарысы өтті. Бұл шара Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына орай әрі жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды. Сайысқа мыңға жуық адам қатысты. Оларға әртүрлі қашықтықтар ұсынылды: балалар үшін – 400 метр және 1 км, жаңадан бастағандар үшін – 1,6 км және көпшілікке арналған қашықтық – 5 км, кәсіби деңгейдегілер үшін – 10 км. Қатысушылардың ең үлкені – 85 жаста болса, ең кішісі – 5 жасар бүлдіршін. Айта кетейік, елордадан бөлек, елдің өзге өңірлерінде де дәл осындай ынтымақтастық жарысы өтті. Әр аймақтан қатысушылар саны 500-ден асты. Жиналған тіркеу жарналары әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталмақ.

Сатыбалды Дәулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

Бүгінгі шара дәстүрлі түрде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы шараның ерекшелігі – бүкіл өңірлерде өтті. Ынтымақтастық жүгірісі біріншіден, Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына, Кәсіподақтар Федерациясының 35 жылдығына арналып отыр. Қаражаттың бір бөлігі қиын жағдайда жүрген отбасыларға яғни кәсіподақ мүшелеріне жұмсалады деп отырмыз. Сондай-ақ балалар үйіне де қарастырып отырмыз.

Есім Смағұл, қала тұрғыны:

Астана су арнасында жұмыс істеймін. Мен алда марафондарға қатысқым келеді, 42 шақырым, 21 шақырымдықтарға. Кішкенеден бастайық деп осындай марафондарға қатысып жатырмыз. Мен бұл жарысқа 1 аптадай дайындалдым. 10 шақырымды жүгірдім. Бұрынғыға қарағанда биыл жүгірушілердің саны өте көп. Жылдан жылға бұл дамып жатыр деп ойлаймын.


 


Бөлісу