Басты Жаңалықтар Алматылық жолаушылар қоғамдық көлікке шағымданды

Алматылық жолаушылар қоғамдық көлікке шағымданды

Қоғамдық көліктер лық толы, уақыт жиілігі де сақталмайды.  Алматылық жолаушылар жыл сайын шешілмейтін мәселеден мезі болдық деп наразы. Алып шаһарда  2 900-ге жуық автобус тұрғындарды тасымалдайды. Алайда сарапшылар бұл 2-3 млн халқы бар мегаполис үшін жеткіліксіз екенін айтады. 

Таңмен таласа автобуста арпалыс, көшелерде кептеліс. Кешкі көрініс те дәл осындай. Алматылықтар көлік қозғалысы қызған сәтте діттеген жеріне жете алмай әлек. Автобустардың келу аралығы кейде 20 минутқа дейін созылатын көрінеді.

Мегаполисте 700 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Оған өзге өңірлерден келетін 300 мыңнан астам темір тұлпарды  қосыңыз. Салдарынан кептеліс артып, автобустардың қозғалысы баяулайды. Сондықтан қоғамдық көлік инфрақұрылымын жақсарту  кезек күттірмейтін мәселе,дейді сарапшылар.

Нұрбол Қамзанов, көлік жүйелері мен инфрақұрылымы бойынша сарапшы:

«Қоғамдық көліктерге арналған жол жолағы. Ол жол жолағы өкінішке орай Алматыда үлкен-үлкен жолдарда бар. Енді осындай жолақтарды тағы да басқа да көшелерге қосса. Бүгінгі таңда Алматыда жолаушылардың 80 пайызы қоғамдық көлікпен жүреді. Сондықтан ең маңызды мәселе қоғамдық көліктердің санын арттыру».

Алматы іргесінде 3 қала, 4 аудан, 100-ге жуық ауыл бар. Елдімекен халқының тұрмыс-тіршілігі мегаполиспен тығыз байланысты. Оларды тасымалдау үшін бүгінде 54 автобус бағыты жұмыс істейді. Бұл да қаладағы қозғалысқа әсер етпей қоймайды. Жылдар бойы қордаланған мәселені шешу үшін әкімдік қоғамдық көлік хабтарын құруға кірістік дейді.

Азамат Ешанқұл,  қалалық қоғамдық көлікті ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

«Қазір үшеуі басталды. Жұмыстар атқарылып жатыр. Одан бөлек жалпы 20 нысанымыз бар. Солар бойынша белгілі басқарма  жұмыстарын жасап, бізге бергеннен кейін ол жерге бар маршрутты соған оңтайландырып, соған қарай жасайтын боламыз»

 

Қалалық әкімдік қоғамдық көлік қызметін реттеп, жолаушыларға барынша жағдай жасалады деп отыр. Ол үшін жаңа 600 автобус сатып алу жоспарланған. Тұрғындар шағымынан соң қоғамдық көліктердің жүру жиілігін де қадағалауға уәде етті.

Бөлісу