Басты Жаңалықтар «Серб әйелі: Ғасырлар тоғысында» көрмесінің ашылуына Сербияның бірінші ханымы келді

«Серб әйелі: Ғасырлар тоғысында» көрмесінің ашылуына Сербияның бірінші ханымы келді

Қазақстанда алғаш рет «Серб әйелі: ғасырлар тоғысында» атты бірегей көрме ашылды.

Серб халқының сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін, құнды  жәдігерлері қойылған көрменің ашылу салтанатына Сербияның бірінші ханымы Тамара Вучич арнайы келді. Салтанатты шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз алып, Қазақстан мен Сербия арасындағы мәдени-рухани байланыстың бекем екенін алға тартты. «Бүгінгі көрме қос елдің даналығында әйел бейнесінің биік екенін паш етеді»,- деді министр. 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Қазақ танымында: «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді»,- деген терең мағыналы сөз бар. Қазақ ұғымында әйел – отбасының тірегі ғана емес, ұлттың рухани-мәдени келбетінің айнасы. Бұл ұғым серб халқына да жат еместігін бүгінгі көрме айшықтай түсті.

«Серб әйелі: ғасырлар тоғысында» көрмесі Белград пен Сербия тарихының 7500 жылын қамтиды. Ерекше экспозиция әйелдің қоғамдағы беделін серб мәдениеті мен тарихы аясында көркемдейді. Көрмеге археологиялық жәдігерлер, этнографиялық бұйымдар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, сондай-ақ XIX ғасырдағы әйгілі серб әйелдерінің портреттері қойылған. Қонақтар суретші, ғалым, батыр, спортшы және қоғам қайраткері болған серб әйелдерінің өмірбаянымен, жетістіктерімен таныса алады.

Кәмшат Жанәлиева, Алматы қаласы тарихы музейінің жетекшісі:

Сербияның бірінші ханымы келіп отыр. Бұл – біз үшін ерекше құрмет. Бұл көрмеге 70-ден астам жәдігер қойылды. Әйелдің болмысына арналған бұл көрме Сербияның мәдениеті, тарихы, призмасы арқылы көрсетіліп отыр.


Бөлісу